Кеше Конституция жөніндегі комиссияның соңғы, 12-ші отырысы өтті. Жиында құжаттың әр бабы мұқият қаралып, жан-жақты талқыланды. Сарапшылар мен мамандар әр мәселені құқықтық және тілдік тұрғыдан нақтылап, өз ұсыныстарын жеткізді. Кейбір терминдер мен сөздердің қолданылуына қатысты пікірталастар орын алып, оларды түсінікті әрі дәл жасауға көңіл бөлінді.
Арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде жұмыс істеді. Идеологиялық, заңдық және тілдік бағытта еңбек еткен мамандар мәтіннің сапалы әрі ашық болуына ерекше назар аударды. Конституционалист ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер мен тіл мамандары бірлесе отырып, құжатты жетілдіру жолында маңызды үлес қосты. Сонымен қатар, халықтың белсенділігі де ерекше болды: 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті, әлеуметтік желідегі пікірлер де талқылауға енді.
Комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың маңызды әрі ауқымды болғанын атап өтіп, комиссия мүшелеріне алғыс білдірді. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойылды.
Енді әр азамат үшін жаңа Конституцияны қабылдау – ортақ жауапкершілік. Болашағымызды қалыптастыратын маңызды шешім қабылдауда баршамыз белсенділік танытуымыз керек.




