Еліміздің тарихында жаңа кезең басталып, мемлекетіміз дамудың маңызды белесіне қадам басты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурызда жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоюы — бұл жай ғана саяси шешім емес, әрбір қазақстандықтың болашағына тікелей ықпал ететін айтулы оқиға. Жаңа Конституция жобасының қоғамда кеңінен талқылануы ел ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың ортақ мүдде жолындағы белсенділігін аңғартады.
Бұл бастама демократиялық қағидаттардың нығая түскенін көрсетеді. Себебі мемлекеттің Ата Заңы халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанда ғана оның маңызы артып, шынайы легитимділікке ие болады. Азаматтардың мемлекеттік үдерістерге араласуына жол ашатын бұл қадам саяси мәдениетімізді жаңа деңгейге көтеріп, әркімнің өз таңдауы арқылы ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасының өзегінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау және әділетті қоғам қалыптастыру идеялары жатыр. Әділдік, заң үстемдігі, ашықтық пен жауапкершілік сияқты құндылықтар тұрақты дамудың берік іргетасына айналып, халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді.




