Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Жиында құжаттың әр бабы жіті қаралып, жан-жақты талқыланды. Терең сараптама жасалып, түрлі сала мамандары өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кейбір сөздердің қолданысына қатысты қызу пікірталастар туындап, құқықтық әрі тілдік тұрғыдан нақтылау жұмыстары жүргізілді.
Негізгі отырыстармен қатар арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде еңбек етті. Идеологиялық, терминологиялық және заңдық бағытта жұмыс істеген мамандар мәтіннің мазмұнды, түсінікті әрі сапалы болуына күш салды. Конституционалист ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер, құқықтанушылар мен тіл мамандары бірлесе отырып, маңызды құжатты жетілдіруге атсалысты. Сонымен қатар, ел тұрғындарының белсенділігі ерекше болды. Жалпы саны 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әлеуметтік желілердегі пікірлер де назардан тыс қалмады.
Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың ауқымды әрі жауапты болғанын атап өтіп, комиссия мүшелеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Енді еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Болашағымыз үшін маңызды таңдау жасауға әр азамат жауапкершілікпен қатысуы тиіс.




