Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевтың қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңес барысында Ерлан Қарин Мемлекет басшысын Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, мемлекеттік e-Otinish платформасы мен Egov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылған күннен бастап шамамен 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан түскен бастамалар мен ұсыныстарды жинақтау және талдау жұмыстары жалғасуда.
Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының өткен отырыстарында болашақ бірпалаталы Парламентті қалыптастыру және оның заң шығару қызметін іске асыру мәселелері талқыланды. 2026 жылғы 9 қаңтарға Жұмыс тобының кезекті отырысын өткізу жоспарланып отыр. Онда реформаның өзге бағыттары бойынша ұсыныстар жан-жақты қаралатын болады.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші желтоқсан айында өткен Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырыстарының қорытындылары және алда өтетін Құрылтайдың бесінші отырысына дайындық барысы туралы баяндады.
Саяси жүйені трансформациялау үдерісінде Парламентті реформалаудың ерекше маңызын және алдағы өзгерістердің ауқымдылығын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев барлық түскен бастамаларды жан-жақты қарастырып, олардың негізінде конституциялық реформаға қатысты базалық тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.




