8 қаңтар, Ұлытау облысы. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Ерболат Сатыбалды мен Аманжол Алтай Жезқазған қаласындағы заманауи CK-NAMYS спорт академиясына барып, жас спортшыларды даярлау жағдайымен танысты.
Кездесу барысында Аманжол Алтай академияда қазақша күрес пен өзге де ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл спорт түрлері балалардың физикалық төзімділігін ғана емес, рух күшін, салт-дәстүрге құрмет пен тәртіпті қалыптастырады.
– Спорт – бұл тек жарыстар мен медальдар ғана емес. Бұл – мінез, жауапкершілік және зиянды әдеттерге қарсы дұрыс балама. Бала жастайынан спортпен айналысса, өмірде дұрыс бағдар алады. Ұлттық спорт түрлерін қолдау – ұлт денсаулығына да, мәдени бірегейлігімізді сақтауға да қосылған үлес, – деді депутат.
«CK-NAMYS» спорт академиясы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынған. Жобаға шамамен 4 млрд теңге инвестиция тартылған. Академия 10–16 жас аралығындағы 200-ге жуық баланы даярлауға арналған. Қазіргі таңда мұнда 152 жас спортшы білім алуда.
Жобаның ерекшелігі – кәсіби спорттық дайындық пен толыққанды жалпы білім беруді ұштастыру. Академия тәрбиеленушілері №24 мектеппен ынтымақтастық аясында оқуын жалғастырып, жаттығу процесімен қатар білім алады.
Кешен құрамына күрес пен жалпы дене дайындығына арналған арнайы залдар, әмбебап ойын залы, хореография залдары, 150 орындық трибуна, сондай-ақ 150 орындық заманауи жатақхана мен асхана кіреді. Балаларға тұру, тамақтану және спорттық киім-кешек тегін ұсынылады. Академияның іске қосылуы дарынды спортшыларды анықтауға ғана емес, Жезқазғанда ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге де мүмкіндік береді.
Депутаттар Президент тапсырмасына сәйкес әзірленген Дене шынықтыру және спорт туралы заңға тоқталды. Бұл заңға Мемлекет басшысы өткен жылы қол қойған. Құжатта бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынған. Бұл өз кезегінде қаржыны қазақстандық балалар мен жастарды даярлауға, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға бағыттауға жол ашады.
– Бұқаралық спорт – болашаққа салынған инвестиция. «Намыс» секілді кешендер балалар мен жасөспірімдер үшін салауатты орта қалыптастырып, өңірлердегі талантты жастарға тең мүмкіндік береді және қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтады, – деді депутат Ерболат Сатыбалды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы Ұлытау облысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қолдауымен Жезқазған қаласында «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жезды кенті мен Жаңаарқа ауданында ФОК-тар, сондай-ақ Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні пайдалануға берілді. 2026 жылы «CK-Namys» спорт кешені мен ескек есуге арналған нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өңірде бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.




