Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің құзырына беру жөніндегі шешімін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына жүргізілген кешенді тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтар мен теріс пайдалану деректері анықталған. Атап айтқанда, қаражатты заңсыз иемдену мақсатында жалған есеп жүргізу, құжаттарды қолдан жасау секілді өрескел фактілер тіркелген.
– Экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға және денсаулық сақтау саласын дамытуға ел болып күш жұмылдырып отырған кезеңде әлеуметтік салаға бөлінген қомақты қаржының ашық түрде талан-таражға салынуы мүлде жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың дерегінше, 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан 7,8 трлн теңге бөлінген.
Сондай-ақ Президент құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысы бар барлық тұлғаны анықтауды тапсырды. Оның айтуынша, Қорда орын алған жағдай әлеуметтік сала басшыларының кәсіби деңгейінің төмендігін және мемлекеттік мүддеге жауапсыз қарағанын көрсетеді.




