Қазақстанда Конституцияның жаңа редакциясын әзірлеу және талқылау үдерісі шамамен жарты жыл уақытты қамтыды. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында парламенттік реформаны бастау жөніндегі бастамасын жариялауынан басталды.
Аталған бастаманы іске асыру мақсатында 2025 жылғы қазанда парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы заңнамаға өзгерістер енгізу мәселелерімен жүйелі түрде айналысып, ұсыныстарды жинақтау және талдау жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, парламенттік реформаны қоғамдық талқылау тек Жұмыс тобының шеңберінде шектелмеді. Қазан айынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімдері арқылы азаматтардан, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс келіп түсті.
Бұдан бөлек, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық институттардан қолданыстағы Конституция нормаларын қайта қарауға қатысты 1600-ден астам ұсыныс жолданды. Осы ұсыныстарды ескере отырып, Конституциялық реформаны жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Мемлекет іске қосқан кері байланыс тетіктері азаматтар тарапынан белсенді пайдаланылып, қоғамдағы түрлі көзқарастар мен нақты сұраныстарды ескеруге мүмкіндік берді. Жиналған ұсыныстар жекелеген түзетулер ретінде емес, өзара үйлескен біртұтас жоба аясында қаралды.
Нәтижесінде Конституцияны жаңарту Кіріспеден бастап, конституциялық құрылыс негіздері, сот төрелігі, мемлекеттік басқару жүйесі және азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу тетіктеріне дейінгі барлық бөлімді қамтыды. Бұл тәсіл бұрын қолданылған бытыраңқы өзгерістерден бас тартып, жаңа Негізгі заңның тұтас әрі логикалық құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді.




