Елімізде «Қазақстандағы конституциялық референдум: құқықтық негіздері мен маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қоғам өкілдері мен сарапшылар алдағы референдумның стратегиялық мәнін жан-жақты талқылады. Кездесу барысында қатысушылар референдумның құқықтық мемлекетті нығайтудағы, демократиялық институттарды дамытудағы және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталды.
Жиында конституциялық референдум елді жаңғыртудың маңызды қадамы екені атап өтілді. Бұл бастама қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және мемлекеттік басқару тетіктерін жетілдіруге деген сұранысын айқын көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, конституциялық өзгерістер саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Дөңгелек үстелде мазмұнды баяндама жасаған облыстық Медиация кеңесінің мүшесі Гилемханова З. З. конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістердің құқықтық негіздерді күшейтуге бағытталғанын жеткізді. Ол жаңа жобаға қолдау білдіріп, мемлекеттің құқықтық тұғырын нығайту — уақыт талабы екенін атап өтті.
Сонымен қатар Медиация кеңесінің мүшесі Айтбаев М. Т. өз сөзінде ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтау үшін құқықтық нормаларды жаңарту мен жетілдірудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде қоғам сұранысына сай тиімді және әділ құқықтық механизмдер қалыптастыру аса өзекті.
Қолдау сөзін Медиация орталығының үйлестірушісі Гатиятова Г. Р. білдіріп, алдағы өзгерістер азаматтық келісімді нығайтуға, сындарлы қоғамдық диалогты дамытуға және әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ директоры Сейтжанова Г. О. «Елдесу және татуласу» жобасының алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Жобаның басты мақсаты — қоғамдағы өзара түсіністікті арттыру, қақтығыстардың алдын алу және дауларды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін дамыту.
Іс-шара соңында қатысушылар қоғамдық келісім — ел тыныштығы мен тұрақтылығының берік негізі екенін атап өтті. Олар халық бірлігін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау әрбір Қазақстан азаматының ортақ міндеті екенін айтып, конституциялық реформалардың ел дамуына оң серпін беретініне сенім білдірді.




