Дегенмен, қазір баспаналы болудың мүмкіндігі кеңейді. Қалтасы көтеретін азаматтар өзінің жеке үйлерін салу немесе сатып алу арқылы бұл мәселені шешіп те жатыр. Алайда, қоғамда әлеуметтік тұрғыдан қолдауды қажет ететін де топтар баршылық қой. Олардың арасында көпбалалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс іс-қимылдарының ардагерлері, жесір әйелдер және тұл ер адамдар бар. Бұлар бұрын жергілікті әкімдіктерге пәтер кезегіне тұрып, ретіне қарай баспаналы болып жататын. Бүгінгі таңда бұл мәселе Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 мамырда № 36186 болып тіркелген,Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы № 187 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Елімізде Тұрғын үй – коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 жылдан 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы да қабылданған.
Бұл тұжырымдаманың қандай артықшылықтары бар? Біріншіден, несие мөлшерлемесі – 5%-ға дейін, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2% бастап 5,8% дейін. Екіншіден, бастапқы жарна – үй құнының 10%-нан басталады.Үшіншіден, жаңа үйлердегі пәтерлерді ең төмен бағамен сатып алуға болады. Бағдарламаға қатысушыларға арналған салық жеңілдіктері де қарастырылған. Қазіргі кезде «Мемлекеттік қолдау шаралары» шеңберіндегі барлық жаңа тұрғын үйлер otbasybank.kz порталында орналастырылады.
Сіз сол порталға кіріп, салынып жатқан нысандардың бар-жоғын көре аласыз, өтінімдер қабылданып жатқанын біле аласыз, өзіңізге ұнайтын пәтерді таңдай аласыз және үй сатып алушылар пулына қатысуға өтінім бере аласыз.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні біздің қала бойынша 2 немесе 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін 260 несиелік және 60 арендалық пәтер өз иелерін таба алмай тұр. Бұл пәтерлер бұрын әкімдікте пәтер кезегінде тұрғандарға берілуге тиісті. Жалпы қаладағы Сәтбаев қаласындағы бюджет қаражатымен салынған 266 несиелік пәтер «Отбасы банк» арқылы үлестірілуі тиіс. Сондықтан, кезекте тұрған кісілердің баспана мәселесін шешу үшін «Отбасы банкіне» хабарласқандары дұрыс болады.Пәтер кезегінде тұрған барша тұрғындарды " Отбасы банкке" жүгініп, аталған бағдарламаға қатысуғка шақырамыз.
«Сәтбаев қаласының тұрғын үй қатынастары
және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі




