Ұлытау облысы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Сейтжанова Гүлбану Орынбасарқызы білім беру бөлімінің мамандарымен бірлесіп, қала аумағындағы бірқатар жалпы білім беретін мектептердің асханаларында тамақтану сапасына мониторинг жүргізді. Бұл іс-шара оқушылардың денсаулығын сақтау, қауіпсіз әрі сапалы тамақтануын қамтамасыз ету және мектеп асханаларындағы санитарлық талаптардың орындалуын бақылау мақсатында ұйымдастырылды.
Мониторинг барысында асханалардың материалдық-техникалық базасы, ас әзірлеу және тағам тарату үдерістері, қолданылатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен шығу тегі, сондай-ақ олардың сақталу шарттары жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар, бекітілген ас мәзірінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі, тағамдардың тағамдық құндылығы мен калориялық көрсеткіштері де назардан тыс қалмады.
Тексеру қаладағы №3, №7 және №1, №4 мектеп асханаларында өтті. Әрбір білім беру ұйымында асхана қызметкерлерінің еңбек жағдайлары, жеке бас гигиенасын сақтау талаптары, медициналық тексерістен уақытылы өтуі, арнайы киіммен қамтамасыз етілуі тексерілді. Сонымен бірге асханаларда тазалық жұмыстарының ұйымдастырылуы мен ас үй құрал-жабдықтарының санитарлық жағдайы да қаралды.
Іс-шара барысында Сейтжанова Гүлбану Орынбасарқызы оқушыларды сапалы әрі пайдалы тағаммен қамтамасыз ету – олардың денсаулығын нығайтудың және жан-жақты дамуының маңызды алғышарты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп қабырғасындағы дұрыс тамақтану мәдениеті балалардың оқу үлгеріміне, зейін қою қабілетіне, жалпы физикалық және психологиялық жағдайына тікелей әсер етеді.
Мониторинг нәтижелері бойынша мектеп асханаларындағы тағамдардың сапасы санитарлық нормаларға сәйкес арнайы құрылған бракераждық комиссияның тұрақты бақылауында болатыны айтылды. Комиссия мүшелері күнделікті дайындалатын тағамдардың сапасын тексеріп, олардың қауіпсіздігі мен тағамдық талаптарға сәйкестігін бақылап отырады. Анықталған ескертулер мен ұсыныстар бойынша тиісті мекемелерге тапсырмалар беріліп, оларды жою бағытында нақты шаралар қабылданатын болады.
Аталған жұмыстар білім беру ұйымдарындағы тамақтану жүйесін жетілдіруге, балалардың денсаулығын қорғауға және ата-аналар тарапынан мектеп асханаларына деген сенімді арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы мониторингтер жүйелі түрде өткізіліп, мектеп асханаларындағы қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударылатын болады.




