«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Сәтбаев қаласының әкімдігі мен Taza Satbaev бастамасы бірлесіп, қар тазалау жұмыстарына белсенді қатысып жүрген волонтерлерге қолдау көрсетті. Атап айтқанда, қала аумағында қоғамдық орындар мен көшелерді қардан тазалап жүрген еріктілерге 40 дана ыстық тамақ таратылды.
Іс-шараға Жастар ресурстық орталығы да атсалысып, жастардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына үлес қосты. Қыстың суық күндерінде ұйымдастырылған бұл қолдау акциясы волонтерлер үшін үлкен мотивация болып, олардың қажырлы еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің белгісіне айналды.
Волонтерлердің айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдау олардың жұмысқа деген жауапкершілігін арттырып, қоғамға пайда келтіруге деген ынтасын күшейтеді. Сонымен қатар, жастар арасында еріктілік мәдениетін дамытуға оң әсерін тигізіп отыр.
Ұйымдастырушылар бұл бастама бір реттік шара емес екенін атап өтті. Бұған дейін де қала тазалығына бағытталған осындай әлеуметтік қолдау акциялары ұйымдастырылып келген және алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Алдағы кезеңде экологиялық бағыттағы іс-шаралар мен еріктілерге арналған қолдау жұмыстары кеңейтіле түспек.
Мұндай игі бастамалар волонтерлердің еңбегін бағалап қана қоймай, қала тұрғындары арасында тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ жастарды қоғамдық пайдалы іске кеңінен тартуға бағытталған.




