Президент өкілеттігін беру тәртібі: Конституциялық нормаларды нақтылау қажеттілігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өкілеттігін беру мәселесіне қатысты Конституциядағы нормаларды нақтылау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы Ата заңға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмайтындай күтпеген жағдай туындаған кезде оның өкілеттігі өкілеттік мерзімінің қалған бөлігіне Сенат төрағасына өтеді. Ал егер Сенат төрағасының да мемлекеттік басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі заңда белгіленген тәртіппен өзге лауазымды тұлғаларға беріледі.
Мемлекет басшысы бұл тұста негізгі мәселе «қалған мерзім» ұғымына тірелетінін ерекше атап өтті. Себебі бұл мерзім алты ай болуы да, тіпті алты жылға дейін созылуы да мүмкін. Яғни, елді басқару өкілеттігі сайлаусыз, ұзақ уақыт бойы басқа лауазымды тұлғаның қолында қалуы ықтимал. Бұл, өз кезегінде, биліктің легитимділігіне қатысты сұрақтар туындатуы мүмкін.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы нақты норманы Конституцияда бекіту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге толық сәйкес келеді.
— Еліміздің кез келген басшысы билікке тек сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл — мен үшін мызғымас ұстаным, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл қағидат тек қазіргі саяси жағдайға ғана емес, болашақтағы барлық Мемлекет басшылары үшін де өзгермейтін, тұрақты нормаға айналуы тиіс. Яғни, билік сабақтастығы қаншалықты маңызды болғанымен, халықтың тікелей таңдауынан тыс Президент өкілеттігін ұзақ уақытқа беру демократиялық талаптарға сай келмейді.
Сарапшылардың пікірінше, ұсынылып отырған бұл өзгеріс Қазақстандағы саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, сондай-ақ биліктің ашықтығы мен заңдылығын күшейтуге бағытталған. Президент сайлауының міндетті түрде өтуі азаматтардың ел басқару ісіне қатысу құқығын қамтамасыз етіп, мемлекетке деген сенімді арттыра түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы Конституциялық реформалардың логикалық жалғасы ретінде бағаланып отыр. Ол биліктің заңдылығы мен халық еркін бірінші орынға қоятын саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.




