Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысының қорытындылары мен оның нәтижесінде атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Құрылтай шешімдерін жүйелі түрде іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілген.
Аталған жоспар аясында бірқатар маңызды бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілген. Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, құрылтай бастамаларын жүзеге асыру барысында Парламент депутаттарының қолдауымен 2025 жылы 6 заң қабылданған.
Қабылданған заңдар ең алдымен қоғам үшін өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық нормалар күшейтілді. Сонымен қатар, құқыққа қайшы және зиянды контенттің таралуын шектеу бойынша заңнамалық тетіктер енгізілді.
Бұдан бөлек, жекеменшік объектілерге атау беру тәртібін жүйелеу мәселесі де заң жүзінде реттелді. Қоғамдық орындарда бет-жүзді бүркейтін киім киюге тыйым салу жөніндегі норма қабылданып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық берілді. Сондай-ақ археология саласындағы қызметті реттеуге бағытталған заң қабылданып, тарихи-мәдени мұраларды қорғау тетіктері нақтыланды.
Ерлан Қариннің айтуынша, қабылданған заңдармен қатар, қазіргі уақытта тағы 10 заң жобасы жұмысқа алынған. Бұл заң жобалары қоғамның сұранысы мен азаматтардың ұсыныстары негізінде әзірленіп, әртүрлі саладағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай алаңының азаматтық бастамалар мен қоғамдық пікірді ескеретін маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті. Оның сөзінше, құрылтайда көтерілген ұсыныстар мен идеялар нақты заңнамалық және басқарушылық шешімдерге ұласып отыр.
– Құрылтайдың басты мақсаты – қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайту, азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, ел дамуына бағытталған нақты қадамдар жасау. Осы бағытта жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған және елдегі маңызды әлеуметтік, мәдени, құқықтық мәселелерді талқылайтын кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Құрылтай отырыстарында айтылған ұсыныстар мемлекеттік саясатты жетілдіруге және заңнаманы жаңғыртуға негіз болып отыр.




