Еңбек адамдарына арналған айдарымыздың кейіпкері – Ұлытау ауданындағы №2 Қорғасын орта мектебінің ұлағатты ұстазы, еңбек пәнінің мұғалімі Оразалы Айранбаев. Ол ұзақ жылғы адал еңбегімен елге сыйлы, көптің құрметіне бөленген азамат.
Оразалы Айранбаев бала жасынан қолөнерге қызығушылық танытып, еңбекке ерте араласқан. Осы қызығушылығы оны болашақ мамандығын дұрыс таңдауға жетеледі. Ол Жезқазған педагогикалық институтын еңбек пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, алған білімін туған жерінде пайдалануды мақсат етті.
Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған жерге туын тігіп, Ұлытау ауданындағы №2 Қорғасын орта мектебінде еңбек жолын бастады. Бүгінгі күнге дейін осы білім ордасында 40 жылға жуық уақыт табанды еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде талай шәкіртті еңбекке баулып, қолөнердің қыр-сырын үйретті.
Ұстаз тек сабақ берумен ғана шектелмей, қоғамдық істердің де бел ортасынан табылады. Қай салада болсын белсенділік танытып, елдік мәселелерде өз үлесін қосып келеді. Ол – шеберлігімен де, шешендігімен де танылған, орынды жерде аталы сөз айта білетін парасатты тұлға.
Осындай азаматтарға қарап «еңбек – ер атандырады» деген аталы сөздің мәні айқын көрінеді. Оразалы Айранбаевтың өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге, қоғам үшін үлгі.




