Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар аясында жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтары айқындалуда. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жаңа Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.
Конституция жобасы қолданыстағы құқықтар мен бостандықтарды сақтап қана қоймай, олардың аясын кеңейтіп, нақты жүзеге асуын және қорғалу тетіктерін күшейтуді көздейді. Негізгі Заң мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы болып табылады және оның негізінде қабылданатын барлық заңдар әрбір азаматтың, соның ішінде әр баланың өміріне, болашағы мен әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Жаңа Конституция мазмұндық тұрғыдан бостандықтар, құқықтар және міндеттер сияқты үш маңызды тірекке негізделеді. Бұл ұғымдардың өзара байланысы Конституцияның тұтастығын қалыптастырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайта түседі. Адамның құқықтары мен бостандықтарына мемлекет тарапынан кепілдік беріледі, ал олардың жүзеге асуы өзге адамдардың құқықтарын бұзбау, конституциялық тәртіпті сақтау және азаматтық жауапкершілікті орындау арқылы қамтамасыз етіледі.
Конституциялық өзгерістердің бірі – Конституцияның екінші бөлімінің атауын өзгерту ұсынысы. Қазіргі «Адам және азамат» атауының орнына «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деген атау енгізілуі жоспарлануда. Бұл өзгеріс адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ міндеттерінің айрықша маңызын айқын көрсетеді.
Аталған бөлім құрылымдық жағынан 29 түрлі құқықты, бостандықты және міндетті қамтиды. Конституция жобасында барлық құқықтар мен бостандықтар оларды іске асыру шарттарымен бірге нақты белгіленеді. Сонымен қатар, адамның барлық жеке құқықтарының қол сұғылмаушылығы тікелей бекітіледі.
Жаңа редакцияда құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру барысында басқа адамдардың құқықтарын бұзуға, конституциялық құрылымның негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік құндылықтарына нұқсан келтіруге жол берілмейтіні нақты көрсетіледі. Осы тұрғыда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетінің қол сұғылмаушылығы және олардың заңмен қорғалуы Конституциядағы маңызды қағидалардың бірі ретінде айқындалады. Бұл норма адам абыройын қорғауды жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған.
Сондай-ақ Конституция жобасында хат алмасу, хабарламалар және жеке өмір құпиясының қол сұғылмаушылығы жөніндегі нормалар сақталып, олардың заманауи технологиялық даму жағдайында да толық қорғалатыны нақтыланады.
Ар-ождан бостандығы, еңбек ету құқығы, жүріп-тұру еркіндігі, тұрғын үйге, меншікке және денсаулық сақтауға қатысты құқықтар өзгеріссіз қалуда. Бұл өз кезегінде Конституцияның адамға бағытталған, әділетті және құқықтық мемлекет қағидаттарына негізделгенін көрсетеді.




