Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өркендеп келеді, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай келе жатқан кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық қана емес, ол – мемлекет беделіне деген халықтың сеніміне сызат түсіретін жағымсыз әлеуметтік құбылыс.
Қазіргі кезде қоғам негізгі басымдықтарының бірі ретінде ақпараттық-құқықтық түсіндіру, жалпы құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстарын, қоғамды жаман әдеттен тазарту міндетін маңызды мәселе ретінде қарастырып келеді. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек», – деп атап көрсетті.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің әдебіне, мінез-құлқына қоғам тарапынан үлкен мән берілуде. Мемлекеттiк қызметшi – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында белгiленген мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын тұлға ретінде анықталған.
Мемлекеттік қызмет атқарушыларға қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болғандықтан мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады және заңдылықтарға сәйкес олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқына да 2015 жылғы 23 қарашадағы №416-V ҚРЗ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 52 бабына сәйкес келесі талаптар бекітілген:
1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс.
2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
3. Егер мемлекеттік қызметшіде дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, немесе бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға (басшылыққа, уәкілетті мемлекеттік органдарға) жазбаша ақпарат беруге міндетті.
4. Мемлекеттік қызметшілер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
5. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде негізсіз айып тағылған кезде ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөніндегі шараларды қабылдауға тиіс.
Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, қоғаммен бірге өркендеп, адамзат санасына сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тамырын тереңге жаймауына үлес қосу және оған тосқауыл болуға міндетті.
Жаңа Қазақстан халқы сыбайлас жемқорлықтан таза, болашағы жарқын ел болуы үшін бәріміз осы індетке қарсы қарқынды күресе білейік. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу - мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы деп білемін.
Құрметті әріптестер, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейік!
Ақтолқын Бегежанова,
Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі




