Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты – жай ғана жылдың қорытынды емес, елдің алдағы бағытын ашық көрсеткен саяси манифест деуге болады.
Бұл сұхбатты асықпай оқыдым. Бір ғана тақырып емес, мемлекеттің бүгінгі күйі мен ертеңгі бағыты тұтас қамтылғаны байқалады. Әсіресе, Президенттің популизмнен саналы түрде бас тартып, күрделі, кейде қоғамға ауыр тиетін, бірақ кейінге қалдыруға болмайтын реформалар туралы ашық айтуы – саяси батылдықтың белгісі.
Бұл сұхбатта бір нәрсе анық байқалады: билік популизмнен гөрі жауапкершілікті таңдағанын ашық мойындайды. Инфляция, тарифтердің өсуі, салық реформасы, энергетика, әлеуметтік әділдік – қоғамды алаңдататын ең ауыр тақырыптардың бәрін айналып өтпей, тура айтылған.
Ең маңызды ойлардың бірі – әлеуметтік әділдік пен масылдықтың ара-жігін ажырату. Арзан тарифтер мен жалпылама жеңілдіктердің шын мәнінде кімді байытқаны ашық айтылды. «Кім көп тұтынса – көп төлейді, ал көмек шын мұқтажға ғана берілуі керек» деген қағида – ауыр, бірақ әділ шешім.
Арзан тариф, арзан жанармай, арзан электр энергиясы кімге тиімді болды? Қарапайым халыққа ма, әлде ресурсты шексіз тұтынған ірі ойыншыларға ма? Бұл сұраққа берілген жауап көп нәрсені орнына қояды. Әлеуметтік әділдік деген – бәріне бірдей жасырын жеңілдік емес, шын мұқтаж адамға нақты қолдау.
Сұхбатта Президент бір қауіпті иллюзияны ашық бұзады: реформалар ауыр болмауы керек деген түсінік. Шын мәнінде, реформа әрдайым ауыр. Ол инфляциямен, наразылықпен, түсінбеушілікпен бірге жүреді. Бірақ реформадан қашқан ел кейін әлдеқайда ауыр күйге түседі.
Тағы бір маңызды ой — популизм мен жауапкершіліктің айырмасы. Қысқа видеоға, ұранға, эмоцияға құрылған саясат уақытша ұтады. Ал инфрақұрылым, энергетика, салық жүйесі, цифрландыру сияқты салаларда ұзақ ойламасаң — мемлекет ұтылады.
Сұхбатта мемлекет пен азамат арасындағы жаңа келісім айқын көрінеді:
➡️ мемлекет инфрақұрылым мен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді,
➡️ азамат адал еңбек етіп, салық төлейді,
➡️ бизнес қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді.
Жасанды интеллект, цифрландыру, атом энергетикасы туралы айтылған тұстар Қазақстанның болашақты күтіп отырмай, соған дайындалуға кіріскенін көрсетеді. Бұл – қысқа мерзімді ұпай жинау емес, ұзақ жолға есептелген таңдау.
Әлеуметтік желі бәрімізді «білгіш» етіп жіберді. Бірақ білу мен түсінудің арасы жер мен көктей. Осы сұхбатты соңына дейін оқымаған адам мемлекетті басқару неге оңай емес екенін де түсінбейді. Бұл мақала ұнау үшін емес, ояну үшін жазылған. Келіспеуге болады. Бірақ бір сұрақтан қашып құтыла алмаймыз: біз шынымен әділ, жауапты мемлекет болғымыз келе ме, әлде арзан иллюзиямен өмір сүре береміз бе?
Маған ең ұнаған тұсы – әлеуметтік желі дәуірінде ойлау мәдениеті туралы айтылған ойлар. Жылтыр тақырып, қысқа видео, арзан эмоцияға үйреніп бара жатқан қоғам үшін бұл – өте орынды ескерту. Газет пен терең сараптамаға мән беру – тек медиаға емес, тұтас қоғамдық санаға қойылған талап деп қабылдадым.
Сұхбатта «мен жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген бірнеше рет қайталанатын ой бар. Бұл – ұран емес, реформаторлық позиция. Тарихта реформаторлардан гөрі популистердің аты көбірек қалатыны рас, бірақ мемлекет сол популизмнің кесірінен кейін ұзақ жыл зардап шегеді.
Жасанды интеллект, цифрландыру, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, бизнес пен қоғам арасындағы жауапкершілік – бәрі бір желіге байланған: еңбек, тәртіп, әділдік және ұзақ мерзімді ойлау. Бұл – тез ұнайтын саясат емес, бірақ мемлекет ретінде есейген елге керек бағыт.

Аманкелді Құрақбай,
Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы.



