Ақсақалдар түрлі саланың белсенділерімен бірге Жаңа Ата Заңның жобасына қолдау білдіруде. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Дина Ақылбековнаның төрағалығымен жиын өтті. Басқосуға қатысушылар конституциялық реформаларға байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында Жаңа Ата Заң жобасының негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жаңа преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізі ретінде жария етілгені айтылды. Бұл норма азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Жаңа Ата Заң жобасында еліміздің алдағы онжылдықтардағы саяси, үкіметтік және экономикалық даму бағдарына басымдық берілген. Қатысушылар бұл бағыттардың елдің тұрақты дамуына және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететінін жеткізді.
Жиын барысында облыстық мәслихаттың депутаты Базаргүл Үмбетова да пікір білдірді. Ол конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталып, қабылданғалы отырған өзгерістер қоғам сұранысына сай әзірленгенін атап өтті.
Кездесу барысында «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау сынды маңызды мәселелер де талқыланды. Қатысушылар аталған бағыттардың барлығы Жаңа Ата Заң жобасында қамтылғанын айтып, бұл бастамалар қоғамның барлық санаты үшін өзекті екенін жеткізді.
Жиын қорытындысында қатысушылар Жаңа Ата Заң жобасы еліміздің құқықтық негізін нығайтып, болашақ дамуына берік бағыт-бағдар беретінін атап өтті. Сонымен қатар, ақсақалдар мен белсенділер аталған құжатқа қолдау білдіріп, конституциялық реформалардың табысты жүзеге асуына қоғам болып үлес қосу қажеттігін айтты.




