- Мұрат Ерболатұлы, келген жыл құтты болсын! Жаңа жыл өзінің жаңа міндеттерін жүктейтіні анық. Алғы күндерге қандай ой, жоспар жасалса да, қаржыға келіп тірелетіні мәлім. Сондықтан әңгімені қала қазынасының, яғни, бюджеттің жай – күйінен бастасақ...
- Ең алдымен осы мүмкіндікті пайдаланып, қала халқын Жаңа - 2026 жылмен тағы да құттықтағым келеді. Жаңа жыл баршамыз үшін жақсылыққа толы жылға айналсын!
Енді бюджет туралы. Қала бюджеті облыстық, республикалық трансферттерден, субвенциядан және тікелей өзіміздің жинаған қаражатымыздан құралады. Трансферт деген түсінікті ғой, қаланың тыныс – тіршілігіне, негізінен стратегиялық нысандарға облыс, республика бюджетінен қарастырылатын қаражат. Бірақ, қала басшылығы сол қаражаттың қажеттілігін облыстың алдында дәлелдей білуі керек. Сонда ғана қалаға жоғары жақтан қаржы құйылады. Субвенция жоғары деңгейдегі бюджеттен белгілі бір мерзімге және нақты мақсатқа бөлінетін ақшалай сома. Қалаға облыстан, республикадан 2024 жылы - 3 млрд. теңге, 2025 - жылы 7 млрд 700 млн теңге трансферт келді. Бұл қаражатқа ауқымды жұмыстар атқарылды, жалғасып жатқаны да баршылық.
Мысалы, Есқұла су қоймасының нақты жағдайын көпшілік біле бермейді. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді, бетін аулақ етсін, бірақ, жазатайым апат болса, мұндағы резервуардағы су қоры 10 сағатқа ғана жетеді. Есқұладан қалаға тартылатын су құбыры біреу ғана. Құбырдың бір жері кілт ете қалса, Сәтбаев қаласы да, қоңсылас Кеңгір ауылы да ауызсудан қағылады. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, қазір қосымша құбыр тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан шықты, республикалық бюджеттен қаражат сұрап жатырмыз.
Негізі Есқұла өте ауыр жоба. Мұндағы электр қуаты да жалғыз ғана желімен жұмыс істеп тұр. Бір жері үзілді дегенше, бітті дей беріңіз. Осының бәрін жөндеу, талапқа сай ету үшін әрине, қомақты қаражат керек. Бізге бұл жағынан республика жақсы көмектесіп жатыр, өйткені, осы мақсатқа 2 млрд. теңгеден аса қаражат қарастырылды.
Қалада 4 жылу магистралы бар. Мұндағы тозығы жеткен құбырларды ауыстыру өткен жылы басталды. Биыл да, келесі жылы да жалғасын табады. Бұл шаруаға да республика бюджетінен 3,5 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Ал, өз қаражатымыз туралы айтар болсам, 2024 жылғы бюджет 11 млрд. теңге мөлшерінде екен. Өзіңіз білесіз, мен қала басшылығына Жезқазған байыту фабрикасының директоры қызметінен келдім ғой. Фабриканың сол жылғы бюджеті 88 млрд. теңге болатын. Бір ғана фабриканың бюджеті 70 мыңның үстінде халқы бар қала бюджетінен 8 есе артық болып шықты. Бұл нені ұқтырды? Әрине, қала бюджетін молайту жолдарын қарастыру керектігі бірден – ақ сезілді.
Сәтбаев – моноқала болып есептеледі. Кәсіпкерлерге, жалпы салық төлеушілерге мұның тиімді жағы да баршылық. Осыны жан – жақты түсіндіре отырып, салық төлеуші ретінде біздің қалада тіркелудің ұтымды тұстарын түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. Соның нәтижесінде, өзіміздің өңірімізден шыққан, бірақ, қазір Қарағанды, Астана секілді ірі қалаларда кәсіптерін дөңгелетіп жүрген біршама жігіттер біздің салық органына келіп тіркелді. Мынадай бір кереғарлықты да кездейсоқ біліп қалдым. Қаладағы халық ауызекі тілде «ЗГШО» деп атайтын мекеме бар. Құрылғаннан бері Сәтбаев қаласының аумағында жұмыс істеп тұр, жұмыскерлері де негізінен өз қаламыздың азаматтары. Бірақ... олар көрші қаланың салық органына тіркелген болып шықты. «Бұл қалай?» десем, «бұрыннан солай» дейді. Мұндай кереғарлыққа не деуге болады? Содан соң, бұл мекемені Сәтбаевқа тіркеу керектігі туралы ойымды айтқанымда, облыс әкімі Дастан Адайұлы Рыспеков ұсынысымды қолдады. Қазір сол «ЗГШО» ғана қала бюджетіне 2 млрд. теңге түсім түсіріп отыр. Бюджет туралы қысқаша айтқанда жағдай осындай.
- Жаңа жылды қала аппақ қармен қарсы алды. Сөздің аржағы түсінікті болар...
- Әрине. «Сәтбаев қаласындағы қара қар» деген мәселе қала, облыстан асып, еліміздің басшылығына шейін жетті. Еліміздің Премьер – Министрі О. Бектенов те, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Е. Қошанов та қаланың қазандығында болып, жағдаймен жете танысты.
Мен 2024 жылғы 5 шілде күні қала әкімі болып тағайындалдым. 8 шілде күні алғаш рет жұмысқа кірістім. Сонда қаламен танысуды қазандыққа барудан бастадым. Өйткені, алдағы қысқа дайындық барысын көзбен көру керек еді. Менің баратынымнан хабардар болса керек, «Kazakhmys Distribution» ЖШС басшысы күтіп алды. «Қысқа дайындық қалай жүріп жатыр?» деген сұрағыма ол кісі «Ешқандай дайындық жұмысы жүрмейді. Өйткені, қала бюджеті бізге 3.5 млрд. теңге қарыз. Сол ақшаны төлеңіздер, сонда ғана жөндеу жұмыстары басталады. Әйтпесе, қазандықты қаланың балансына алыңыз» деді. Сөз арасында айта кетейін, қазандықты қалаға өткізуге құжаттарын әзірлеп те қойған екен. Олардың бұл талабын да кейінге шегеруге тура келді.
Жөндеу жүрмесе, қала қыста қатып қалатыны сөзсіз. Қаланың қарыз екені де рас. Бірақ, қаланың қалтасы – тесік. Сондықтан, қатты сөйлесуге тура келді. «Егер ертең қала қыста қатып қалса, ең бірінші жауап беретін – Сіз. Өйткені, қазандықтың иесі – Сіз. Мені жұмыстан босатуы мүмкін, ал, Сізді соттайды»» дедім оған. Содан соң, байқаймын жүні жығылды. Сөйтіп, қазандықты жөндеуге жеделдетіп кірісе бастады. Сол жылғы ең басты міндет – қалаға дер мезгілінде жылу беру болды. Біз алдымызға сондай мақсат қойдық және соған қол жеткіздік. Жылу беру маусымы барысында «қара қар» мәселесі туындады.
Бір нәрсені ашық айтуымыз керек, көмір жағылатын жерде қар бетінің қараймауы мүмкін емес. Әрине, қай жылғыдай жағдайға жеткізбеу керек. Өткен жылы сол бағытта жұмыс істедік.
Байыту фабрикасында мыс концентратын кептіретін «кептіру барабаны» деген бар, мың градус ыстыққа шыдас береді. Қазандықты жөндеу кезінде менің ойыма сол түсе кетті. Қазандық директоры Сәкен Мұхтарұлымен ақылдастық. Қазандықтар әдетте бетонмен қапталады. Енді сол бетонның сыртын темірмен қаптауды ұйғардық. Бұл осыдан 30-40 жыл бұрын қолданылған ескі технология болып табылады. Бірақ, нәтижесі өте тиімді болып шықты. Бетон шыдас бермей жарылып, жұмыс барысында оны жамап – жасқап жүру доғарылды. Яғни, жұмыскерлердің жұмысы жеңілдеді. Энергия қуатын үнемдеу де байқалады.
Түтінді ұстап қалатын сүзгілер, сонымен бірге, орысшасы «грязевик» деп аталатын қондырғылар орнатылды. «Грязевиктердің» арқасында қазандыққа бұрынғыдай кір – лас су бармайды. Әлгінде айтқанымдай, отқа көмір пайдаланып отырған соң, қара қар мәселсі толық жойылмайды. Бір қазандықтан екінші қазандыққа ауысқан кезде мазут жағылады. Мазуттың түтіні қарақошқыл болып шығуы – заңды. Сондай сәтте «тағы қара түтінге көмілеміз бе?» деп , айқайлап қалатын азаматтарымыз да бар. Бірақ, оның экологияға соншалықты кері әсері жоқ.
Дұрыс айтып отырсыз, қала көшелері аппақ болып жатыр. Шамасы риза болғандықтан жазғаны шығар, бір кісі жекеме «Қара қар дұрыс еді, мынау аппақ қарды жейміз деп, балаларымыздың тамақтары ауырып жатыр» деп жазып жіберіпті. Әзілдегені деп білдім, күлдім де қойдым.
- Сіздің әкім ретінде өткізген алғашқы жиындардың бірінде айтқан «Егер қалаға қыстыгүні дұрыс жылу бере алмасақ, халқымыз үйлерінде тоңып – жаурап отыратын болса, абаттандыру, көгалдандыру, көркейту туралы сөз етудің керегі де жоқ. Ең басты міндет – қаланы қысқа дайындау» деген сөзіңіз есімде қалып қойыпты. Тұрғындар тарапынан көбіне - көп «КСК-лардың » атына сын айтылып жатады. Мұндайда әкімдік оларға заң шеңберінде қандай шаралар қабылдай алады? «Жылу жүйелерін цифрландыру» туралы да айта кетсеңіз.
- Сұрақтың соңынан бастап жауап берейін. Қалада 600-дің үстінде көпқабатты үйлер бар. Осылардың тең жарымына арнайы құрылғылар орнату арқылы, жылу жағдайын бақылап отыру мүмкіндігі бар. Яғни, бір үйге жылу шамадан тыс беріліп жатса, құрылғы «қызыл», нормадан төмен болса, «жасыл» болып жанып тұрады. Содан мамандар қай жерде жылу деңгейінің қандай екенін біліп, түзету енгізеді. Цифрландыру дегеніміз – осы. Алдағы уақытта әрине, барлық көпқабатты үйлер осы жүйеге қосылады.
Ал, енді «КСК-лар» туралы. Ірі қалаларда «жертөле» мәселесі жоқ. Бұл ретте тұрғындарға көп нәрсе байланысты. «Комуслуга» ақшасын төлеп жатырмыз ғой, неге істемейді?» деп, отыра беруге болмайды, соны бақылауға алу керек. Жөндеу қажеттілігі байқалса, неге қосымша қаржы жинастырмасқа? Сол қаржыны жыл бойына , яғни, 12 айға бөліп төлесе де болады. Міне, осыған тұрғындар бара бермейді. Бұл дұрыс емес. Жұмысына көңілі толмаса, басқа компанияны таңдау мүмкіндігі бар ғой қазір. Жұмысына салғырт «КСК-ларды» әкімдік заң аясында сотқа тарта алады. Бірақ, бүгін су ағып жатқан құбырды акт жасағанмен, ертең бітеп қойса, қалай болады? Сот мұндайда қандай шешім қабылдайды? Осындай да мәселелер бар екенін көпшілік біле жүргені дұрыс.
- Былтырғы жылы қалада көптеген жаңа аллеялар пайда болды. Халық қуанып қалды. Дегенмен, Абай көшесін реконструкциялау, НұрТөбеСәттен қаланың кіреберісіне шейінгі аралықты көгалдандыру тәрізді әдемі жоспар жүзеге аспай қалды. Себеп? Жақында Мәңгілік Ел көшесін де реконструкциялау болатыны туралы хабарлама көріп қалдым, орындалысы қалай болар екен?
- Қаланың үш көшесінің , Абай, Қаныш Сәтбаев, Мәңгілік Ел көшелерін сәулеттендіру бағытын айқындау үшін арнайы конкурс өткіздік. Жеңімпаз компания үлкен қалалардағы тәрізді көшелердің дизайн – кодтарын әзірледі. Бір көшенің бойындағы нысандардың бірінің сырты - қара, бірінікі – қызыл деген болмайды. Бәрі біртектес үйлесім тауып тұруы керек. Компания бізге көшелерді қалай абаттандырып, әсемдеп, сәулеттендіруге болатын жобасын ұсынды. Ендігі біздің міндетіміз – сол жобаны жүзеге асыру. Бәлкім, бәрін бірден іске асыру мүмкін де болмас. Бірақ, ең бастысы, жұмыс сол жобаның аясында жүруі тиіс.

- Мен қате түсінген тәріздімін. Бірақ, көшелеріміз сол жарияланған жобалардағы секілді өзгеріске енсе, тамаша болар еді...
- Әрине. Қаржылық мүмкіндікке қарай қолға алатын боламыз. «Универсам», «Дом одежды» дүкендерінің алдындағы аллеялар да , менің ойлап тапқаным емес, сол компанияның дизайн - код арқылы белгілеген жобалары болып табылады..
Ал, енді НұрТөбеСәттен қалаға қарай ағаш егу туралы айтар болсам, бұл жерде менің тарапымнан асығыстық болғанын ашық айтқым келеді. Өйткені, жер жағдайын толық зерделеу қажет екен. Өйткені, жол республикалық деңгейдегі болғандықтан, мәселелер туындады. Ақыры бір шешімге келдік. Жезқазған жақтан келе жатқандағы жолдың саяжайлар жағын қозғамаймыз, мұнда әртүрлі кабельдер жатқан көрінеді. Сол жағына сәтін салса, көктемде 4 түрінен жалпы 1400 түп ағаш егетін боламыз.
- Ендігі ретте индустриялы аймақ туралы кеңірек түсіндіріп өтсеңіз. Былтыр әлеужеліде кейбір азаматтар осы жобаны әжептәуір сөз етіп жатты ғой..
-Менің білуімше, индустриялы аймақ құру туралы сөз осыдан кемі 15 жылдай бұрын көтерілген. Былтыр Үкімет бекітті. Енді іске кірісу қалды. Ең алдымен, су, кәріз жүйелерін тарту, абаттандыру мәселесін шешу керек. Жұмыс жүріп жатыр. Болашақта аймақта жұмыс істейтін екі зауыт әлден – ақ белгілі. Мыс зауытындағы катод мысын орайтын лентаның өзін Ресейден әкеледі екенбіз. Сол сияқты, шахталардағы техникалардың доңғалақтарына байлайтын шынжыр шығаруға да сол аймақта кірісетін боламыз. Индустриялы аймақтың келешегіне зор үмітпен қараймын. Өйткені, оның мүмкіндігін пайдаланғысы келетін инвесторлар табылады.
- Қаламыз туралы әдетте «Дәулетіне сәулеті сай қала» деп жиі айтылады. Әрине, бұл дұрыс. Дегенмен, қаланың төменгі жағы, мұндағы «Ағаш үйлер» проблемасы қашан шешімін табар екен?
- Мен Сізге мынаны айтайын. Біздің қалада «5 қабаттан биік үй тұрғызуға болмайды» деген тәртіп бар екен. Былай қарасақ, қаламызда 9 қабатты бірнеше үйлер бар ғой. Бірақ, кейінгі қаланың Бас жоспарын қабылдағанда әлгіндей тәртіп енгізіліпті. «Ағаш үйлердің» орнына жаңадан үй тұрғызуды көздеген кәсіпкерлер 7-10 қабат үй салғанды қолайлы көреді. Өйткені, оған 5 қабатты үй салу тиімсіз. Сондықтан, бұл мәселені де зерделеуге тура келді. Қаламыз жер сілкінісі болмайтын аймаққа жатады. Шахталардағы кен өндірісінің де қалаға еш кедергісі тимейді. Ендеше, неге жаңағыдай тыйым қойылған? Не керек, қазір тиісті орындардан қалада 10 қабатты үй салуға болатыны туралы алған ресми рұқсатымыз бар. Мұны айтып отырғаным, реновация жобасы аясында қаланың «төменгі жағын» жаңалауды көздеген кәсіпкер 7-10 қабатты үйлер салғысы келген болатын. Қазір кәсіпкерге екі жер телімі берілді. Биыл құрылысы басталады. Бірақ, бұл бірер жылда біте қоятын жұмыс деп ойламаймын. Бәлкім, тұрғындар тарапынан ынта, ықылас, ниет молайса, үй құрылысымен айналысуға қызығушылық танытатын кәсіпкерлер қатары көбейіп жатуы да мүмкін.
-Биылғы жылдың қаладағы бір жаңалығы «Сәт Тазалықтың» кетіп, орнына жаңадан «Ұлытау Эко Сервис» компаниясының келгені болды.
- «Сәт Тазалық» атына заты сай бола қоймады. Қаншама айттық, мүмкіндік те бердік. Бірақ...
Ақыры, қала тазалығымен айналысатын жаңа компания іздеуге шешім қабылдадық. Жарияланған конкурсты «Ұлытау Эко Сервис» компаниясы жеңіп алып, қаңтардың 1-нен бастап іске кірісті. Бұл өте тәжірибелі компания көрінеді. Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында да жұмыс істейді екен.
Тәртіпке қатал екені байқалды. Әрбір машинаға GPS орнатылған. Жұмыс барысы компанияның үнемі бақылауында. Бір қоқыс алаңын 25 минутта жинап әкету керек. Талап – солай. Жұмыскерлерге төлейтін еңбекақылары да көңілден шығады.
Қалада 50 қоқыс алаңы жаңартылады, 20 жер асты контейнері жаңадан қойылады, 7 – шағынауданда жер үстіндегі контейнер мүлде болмайды деп жоспарлап отырмыз. Осы және басқа да ойға алған істерімізді жаңа компаниямен бірігіп атқарамыз деген сенімдемін.
- Мұрат Ерболатұлы, өзіңізбен бірге қала басшылығына да жаңа толқын келді. «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» демекші, жұмысқа жастық жігермен кірісіп жатқандарыңыз байқалады. Жаңашылдыққа ұмтылыстарыңызды көріп жүрміз. Көргісі келмейтіндердің көрмей қалып жатқандары да болуы мүмкін. Бірақ, халықтың басым көпшілігінің пікірі осындай. Ал, енді Жаңа жылда халыққа ұсынатын, қалаға жасайтын тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?
- Жылы сөзіңізге рахмет! Қолдан келгенше елге қызмет істеуге келген соң, абыройлы болғанды қалайтынымыз рас. Кей тұста қателесіп, кейде кемшілікке жол беріп алатын шығармыз. Бірақ, орыс халқында айтылатындай, «жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді». Сондықтан, сын шын болса түзеуге ұмтылып, мін тағу болса мән бермеген қалпымызда жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз.
Ой – көп. Жоспар жеткілікті. Биылғы жылы қала аумағында 7 «скважина» пайда болады десем, бұған не дейсіз?
- Кәдімгі су ағатын бұлақ па?
-Ия, бірақ күндіз – түні ағып тұрмайды. Елдің арасында «Не шықса да Шымкеттен шығады» дейтін сөз бар ғой. Мен осы сөзді жақсы мағынасында қолданғанды жөн көремін.
Шымкент жақтағы дос-жар жігіттермен сөйлесіп отырғанда, әңгіме ауаны көгалдандыру мәселесіне ауысып кетті. «Біздің Жезқазған, Сәтбаев секілді көктемде, күзде ағаш егетін ешбір қала жоқ шығар. Бірақ, соны өсіру, тіпті, суарудың өзі үлкен күшке түседі» деп едім, жігіттердің бірі «неге скважина орнатып қоймайсыңдар?» деп қалды. Сөйтсем...
Мамандармен ақылдасып көрсем, біздің қалада 100 метр тереңдіктен су шығады екен. Биыл қалада 7 жерден осындай ұңғымаларды бұрғылап, «скважина» орнатып, содан тамшылату әдісі арқылы суаруды тәжірибеге енгізетін боламыз.
«Жеңіс» саябағын қалай суғарып жүрміз? «Водовоз» көлігімен. Мына заманда айтуға да ұят қой.. Міне, келген жылдағы бір жаңалығымыз осы болмақ.
Биылғы жылды негізінен жолдардың, үйлердің қасбеттерін жөндеуге арнағымыз келеді. Сондықтан, 2026 жылды өзіміз үшін «Жолдар және қасбеттер жылы» деп жарияладық. 98 үйдің қасбетін жаңартуды көздейтін жобалық – сметалық құжат дайын тұр.
Сараптама жасап көрсем, соңғы 7 жылда біздің қалада небәрі 21 көше ғана жөндеу көрген екен. Неге? Маған шейінгі әкімдер қала жолдарына мән бермеген бе? Жоқ, мүлде олай емес. Қалада ауыстырылуын қажет еткен құбырлардың бар екендігі ескерілген деп ойлаймын. Биыл асфалть төсеп, келесі жылы қайта қопарып қазып жатсаң, одан не пайда? Меніңше, бұрынғы басшылар осы тұрғыдан дұрыс істеген.
Былтыр бірнеше магистральдар ауыстырылды. Соның арқасында биыл қаланың 23 көшесіне жөндеу жүргізу мүмкіндігі пайда болды.
Қаладағы электр, жылу, су беру, байланысқа қатысты мекемелердің басшыларын жинап, олардан жөндеу жасалуға тиісті көшелерде алдағы 5-7 жылда ешбір қазу жұмыстарын жүргізбейтіндеріне қолдары қойылған кепілхат алдым. Әрине, аяқ астынан апатты жағдай туындап қалса, ештеңе істей алмайсың. Қала көшелерін жарықтандыру да жалғасын табады.
Негізі қаланы дамытуға мүмкіндік молайды. Бұған облыс басшылығы тарапынан үнемі қолдау, көмек болып отырғанын айрықша айтқым келеді. Бірлесе істеген шаруа әрқашан нәтижелі болатыны белгілі.
- Жақсы, әңгімеңізге рахмет! Жаңа жыл жақсы жыл болсын! Ойға алған арман – мақсаттарымыз орындала берсін!
Әңгімелескен : Абдолла Дастанов,
«Аймақ ақшамы» газетінің
бас редакторы.




