2026 жыл – Әлемдік волонтерлер жылы болып жарияланып, қоғамда еріктілік қызметтің маңызы мен рөлі ерекше айқындала түсті. Осы атаулы жыл аясында Ұлытау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» еріктілер тобы қайырымдылық пен жанашырлыққа негізделген игі істерді жүзеге асырды.
Аталған бастама аясында белсенді жастар облыс аумағындағы жалғызбасты қарттардың үйлеріне арнайы барып, қыс мезгілінде күнделікті тұрмыста туындайтын қиындықтарды жеңілдетуге қол ұшын созды. Атап айтқанда, еріктілер қарттардың аулаларындағы қарды тазалап, үй шаруасына көмектесіп, тұрмыстық қажетті жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар, үлкендердің хал-жағдайын сұрап, жылы сөз айтып, рухани қолдау көрсетті.
Мұндай қайырымды істер – мейірімділік пен адамгершіліктің, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің айқын көрінісі. Жастардың белсенділігі мен жанашырлығы қарттардың жүрегіне жылу сыйлап, қоғамда ізгілік құндылықтарының нығая түсуіне оң ықпал етуде. Әрбір көрсетілген қамқорлық – үлкендер үшін үміт пен сенімнің белгісі.
Ұлытау жастарының бұл игі бастамасы еріктілік қызметтің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай шаралар жастарды жауапкершілікке, жанашырлыққа тәрбиелеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да зор үлес қосады.
Осы орайда ұйымдастырушылар мен еріктілер барша жасты жақсылық жасауға, қайырымдылық пен волонтерлік қызметке белсене атсалысуға шақырады. Себебі, жасалған әрбір игі іс – бір адамның өміріне қуаныш сыйлап, қоғамға үміт ұялатады.
Бір игі іс – бір үлкен үміт!




