Соңғы жылдары әз-Наурыз мерекесі жаңа мазмұнмен толығып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің заманауи үлгісіне айналып келеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген «Наурызнама» онкүндігі осы бағыттағы маңызды қадам болды. 14-23 наурыз аралығын қамтитын бұл кезеңнің әр күні ерекше мағынаға ие болып, халықтың дүниетанымы мен өмір салтын айшықтайтын мазмұнмен байытылды.
Көрісу, қайырымдылық, мәдениет пен салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару күндері – бәрі де ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айналған құндылықтарды жаңаша дәріптеуге бағытталған. Соның ішінде Жаңару күні айрықша мәнге ие. Бұл күн табиғаттың көктемгі түрленуімен ғана емес, қоғамның да жаңғыруын білдіреді.
Жаңару күні – әрбір адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп, өткенге есеп беріп, болашаққа жаңа мақсаттар қоюына мүмкіндік беретін ерекше кезең. Бұл күні адамдар айналасын тазалап, игі істерге ұмтылып, жаңа бастамаларға қадам басады. Табиғаттың жаңаруы адам санасының жаңғыруымен үндесіп, қоғамда оң өзгерістердің басталуына негіз болады.
Осы күнге орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мәдени-танымдық бағдарлама өтсе, Мәдениеттерді жақындастыру орталығында «Жаңаруды – тазалықтан бастайық» атты сенбілік ұйымдастырылуда. Мұндай шаралар халықты бірлікке, тазалыққа және жауапкершілікке шақырады.
Сондай-ақ өңірлерде де Жаңару күні кең көлемде аталып өтуде. Қарағанды облысында экологиялық акциялар қолға алынса, Ақмола облысында елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе өңірінде тақырыптық бағдарламалар ұйымдастырылып, Маңғыстау облысында жастар мен еріктілердің қатысуымен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.
Жаңару күні – тек бір күндік мереке емес, ол – қоғамның жаңғыруына бағытталған маңызды идеологиялық бастама. Бұл күн әрбір азаматты табиғатқа жанашырлықпен қарауға, рухани тазалыққа ұмтылуға және ел дамуына өз үлесін қосуға үндейді.
Ұлттық мерекенің жаңа мазмұны дәстүр мен заманауи көзқарастың үйлесімін көрсетіп, халықтың рухани жаңғыруына серпін беруде. Жаңару күні – жаңаша ойлау мен жарқын болашаққа бастар жолдың символы.




