Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті тұрғындары арасында «Жаңартылған Конституция – әр азамат үшін» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру бағытындағы буклет тарату акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Акция барысында тұрғындарға арнайы әзірленген ақпараттық буклеттер таратылып, жаңартылған Конституциядағы негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктері жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылар әрбір азаматтың Ата Заңды білуі – құқықтық мемлекет қалыптастырудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Шара кезінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар беріліп, құқықтық тақырыпта еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Әсіресе, Конституциялық реформалардың қоғам өміріне әсері, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері және құқықтық кепілдіктердің күшеюі мәселелері кеңінен талқыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметті арттыруға және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Акция қорытындысында қатысушылар жаңартылған Конституция – әділетті әрі жауапты қоғам құрудың берік негізі екенін атап өтіп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.




