Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында тұр. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Негізгі заң жобасы ел дамуының келесі кезеңін айқындауға бағытталған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublika» партиясы фракциясының басшысы Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, ұсынылып отырған құжат тарихи сабақтастықты сақтай отырып, қазіргі заманның жаңа сын-қатерлеріне жауап береді.
Тарихи негіз бен жаңғыру үндестігі
Депутаттың айтуынша, кез келген конституциялық реформа елдің қалыптасқан құқықтық дәстүрлері мен институционалдық тәжірибесін ескеруі тиіс. Жаңа жоба осы қағидатты ұстанады.
«Конституция – мемлекеттің іргетасы. Сондықтан оны түбегейлі өзгерту емес, заман талабына сай жетілдіру маңызды. Ұсынылып отырған жоба тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан негізгі құндылықтарды сақтай отырып, оларды жаңа жағдайларға бейімдейді», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Оның пікірінше, бұл тәсіл елдегі тұрақтылық пен құқықтық сабақтастықты қамтамасыз етеді.
Жаңа сын-қатерлерге жауап
Қазіргі кезеңде мемлекеттер жаһандық экономикалық өзгерістермен, технологиялық трансформациямен және қоғамдық қатынастардың күрделенуімен бетпе-бет келуде. Депутат жаңа Конституция жобасында осы факторлар ескерілгенін атап өтті.
«Экономиканың әртараптандырылуы, кәсіпкерлікті қорғау, азаматтардың құқықтарын кеңейту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттері. Жоба осы бағыттарды конституциялық деңгейде бекітуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, бұл өзгерістер елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрақты дамуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Қоғамдық келісім және сенім
Депутат жаңа Конституция жобасының кең қоғамдық талқылаудан өтуі оның сапасын арттырып, легитимділігін күшейткенін атап өтті. Азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылардың пікірлері құжат мазмұнын жетілдіруге ықпал етті.
«Конституция – бұл тек заң емес, ол қоғамның ортақ келісімі. Сондықтан оны қабылдау процесіне халықтың белсенді қатысуы өте маңызды», – деді фракция басшысы.
Болашаққа бағытталған құжат
Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, жаңа Конституция тарихи негізді сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді. Ол құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімді жүзеге асуына жағдай жасайды.
Алдағы референдум – ел тағдырын айқындайтын маңызды кезең. Депутат әрбір азаматтың бұл үдеріске жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция – еліміздің болашағына арналған стратегиялық құжат. Біз тарихи сабақтастықты сақтай отырып, жаңа кезеңнің талаптарына жауап беретін құқықтық негіз қалыптастыруымыз қажет», – деп түйіндеді Айдарбек Қожаназаров.




