Жаңа Конституция жобасында Қазақстанның мыңжылдық тарихы тұңғыш рет басты мемлекеттік құндылық ретінде айқын жазылды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында мәлімдеді.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда ел тарихына қатысты нақты тұжырымдар мүлде болмаған. Ал жаңа Конституция жобасының Преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырымның енгізілуі Қазақстан тарихының үздіксіздігін және еліміздің көшпелілер өркениетінің тарихи ошағы екенін айқын көрсетеді.
– Осылайша, тарихымыз Конституцияда алғаш рет декларативті сипатта емес, нақты мемлекеттік құндылық ретінде бекітіліп отыр, – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Преамбулада қолданылған «Ұлы Дала» және «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект екенін дәлелдейтін, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті айқындайтын маңызды түсініктер болып табылады.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл мәселесіне де ерекше мән берілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Конституцияның 9-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты әрі бірмәнді көрсетілген.
– Бізде мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Қазақ тілі өз тұғырында тұр және мемлекет барда сол биіктен ешқашан түспейді. Ол үшін ең алдымен мемлекетімізді сақтауымыз, ел бірлігін нығайтуымыз қажет, – деді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата Заңның арасында мазмұндық айырмашылықтардың өте көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа құжат – жарты жылдан астам уақыт бойы азаматтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен және түрлі ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар мен бастамалардың, сондай-ақ кең ауқымды қоғамдық талқылаулардың нәтижесі.
Жаңа Конституция жобасы елдің тарихи санасын нығайтуға, ұлттық бірегейлікті күшейтуге және мемлекеттіліктің іргетасын жаңаша сапада бекітуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.




