Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия мүшелерін қабылдап, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысын талқылады. Кездесуге Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев қатысты.
Эльвира Әзімова Мемлекет басшысына Комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндап, осы уақытқа дейін өткен он екі отырыстың нәтижесінде жаңа Ата Заңның қорытынды жобасы әзірленгенін жеткізді. Жоба азаматтар мен сарапшылардың өткен жылдың қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы жолдаған ұсыныстары негізінде дайындалған. Сонымен қатар Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қазан-қаңтар айлары аралығында жинақтаған тәсілдер де құжатта ескерілген.
Бұл – Конституция жобасының ашықтық пен қоғамдық талқылау қағидаттарына сүйене отырып әзірленгенін көрсетеді. Мыңдаған азаматтың пікір білдіруі жаңа Ата Заңның шынайы халықтық сипатқа ие болуына негіз болды.
Конституциялық комиссия талқылау қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару ұсынысын білдірді. Президент бұл бастаманы қолдай отырып, таяу уақытта республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтіп, жаңа Конституция еліміздің институционалдық негізін түбегейлі трансформациялауға жол ашатынын айтты. Оның пікірінше, бұл құжат Қазақстанды мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшіреді.
Президенттің айтуынша, жаңа Ата Заң тек мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп қана қоймай, қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын айқындайды. Сонымен қатар ол Қазақстанның одан әрі прогрессивті дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия мүшелеріне кәсіби әрі жауапты еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жобаны тікелей эфирде талқылау қоғамдық диалогтің жоғары деңгейін көрсеткенін атап өтті. Бұл қадам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты жүзеге асып жатқанын айғақтайды.
Жаңа Конституция жобасы – ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжат. Оны қабылдау арқылы Қазақстан мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы кезеңіне қадам баспақ. Ал алдағы референдум – осы тарихи шешімге халықтың тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал болмақ.




