Жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделді. Ұзаққа созылған қоғамдық талқылау мен келіп түскен ұсыныстардың көптігі азаматтардың Негізгі заң мазмұнына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Онда әрбір бап, әрбір сөз терең талқыға түсті. Кей тұстарда түрлі сала мамандары арасында пікірталас туындап, мәтіннің дәлдігі мен мазмұнына ерекше мән берілді.
Комиссия жұмысы тек жалпы отырыстармен шектелген жоқ. Идеологиялық, терминологиялық және құқықтық бағытта жұмыс істеген арнайы топтар күн сайын жүйелі түрде еңбек етті. Конституционалистер, заңгерлер, құқықтанушылар мен тіл мамандары құжаттың сапалы әрі мазмұнды болуына атсалысты.
Тұрғындардан 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әлеуметтік желілердегі пікірлер де ескерілді. Қорытындысында Конституциялық комиссия жаңа жобаны Мемлекет басшысына ұсынды. Президент атқарылған жұмысты жоғары бағалап, 2026 жылғы 15 наурызда референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Енді шешуші сөз – халықта.




