Еліміздің тарихында жаңа парақ ашылып, мемлекетіміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 15 наурызда жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоюы — бұл тек саяси шешім ғана емес, әрбір қазақстандықтың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Бұл бастама ел дамуының жаңа бағытын айқындап, қоғамның саяси белсенділігі мен жауапкершілігін арттыра түсетін маңызды кезең ретінде бағалануда.
Жаңа Конституция жобасының кеңінен талқылануы – мемлекетіміздің ертеңіне бейжай қарамайтын азаматтардың ортақ мүдде жолындағы белсенділігінің айқын көрінісі. Ашықтық пен жариялылық қағидаттары негізінде жүргізілген талқылаулар қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогтың қалыптасқанын көрсетті. Әрбір ұсыныс пен пікірдің ескерілуі – Негізгі заңның шын мәнінде халықтық сипатқа ие болуына жасалған қадам.
Бұл үдеріс демократиялық ұстанымдардың нығая түскенін білдіреді. Өйткені елдің басты Заңы халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанда ғана оның легитимділігі артып, қоғамдық сенім беки түседі. Азаматтардың мемлекет ісіне араласуына жол ашу – саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуінің белгісі. Әрбір азамат өз таңдауы арқылы ел болашағына ықпал ете алатынын сезінуі – демократиялық қоғамның басты жетістігі.
Жаңа Конституция жобасының негізінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және әділетті қоғам құру қағидаттары жатыр. Заң үстемдігі, ашықтық, есептілік пен жауапкершілік – мемлекеттің тұрақты дамуының берік тірегі. Бұл құндылықтар тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, олар қоғамның өмір сүру салтына айналуы тиіс.
Қоғамдағы қызу талқылаулар мен түрлі пікірлер азаматтық белсенділіктің пісіп-жетілгенін аңғартады. Әртүрлі көзқарастардың ашық айтылуы – саяси жүйенің дамуының айқын белгісі. Осындай ашық диалог арқылы қабылданған шешімдер ел бірлігін нығайтып, халық пен билік арасындағы сенімді бекемдей түседі.
Жаңа Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Ол – жаңа Қазақстанның даму стратегиясы, болашаққа бағытталған нық қадам. Бұл құжат елдің ұзақ мерзімді саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуының негізін қалайды. Әрбір бап пен норма қоғам мүддесін көздеп, мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Алдағы референдум – халық еркін білдіретін маңызды сәт. Бұл – әр азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, өз ұстанымын білдіруіне берілген мүмкіндік. Референдум халық пен билік арасындағы сенімді байланыстың айқын көрінісі болмақ.
Ел болашағы – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бірлік пен ынтымақ танытып, мемлекетіміздің жаңа іргетасын бірге қалайық. Жаңа Конституция – әділетті, тұрақты және дамыған Қазақстанға бастайтын сенімді қадам.




