2026 жылғы 13 сәуірде «Заң және тәртіп» қағидаттарын іске асыру аясында Ұлытау облысы Әділет департаменті Ұлытау облысы әкімдігі бірлесіп, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша халықтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған іс-шара өткізді.
Аталған шараның негізгі мақсаты – азаматтарға атқарушылық іс жүргізу саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіру, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеру болды.
Іс-шара барысында қала тұрғындарына атқарушылық іс жүргізудің ақпараттық жүйесіндегі «тараптар кабинеті» мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, проблемалық алименттер мәселесі бойынша нақты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алимент өндіру тетіктері мен қолданыстағы заңнамалық нормалар егжей-тегжейлі баяндалды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан толыққанды әрі нақты жауаптар алды. Мұндай формат азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Шара соңында Әділет департаменті басшысының орынбасары М. Қайруллаев тұрғындарды жеке қабылдап, олардың жеке мәселелері бойынша құқықтық кеңестер берді.
Қорытындылай келе, мұндай іс-шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал етеді. «Заң және тәртіп» қағидаттарын тиімді жүзеге асыру – мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара бірлескен жұмысының нәтижесі болып табылады.




