Бүгін елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді.

Отырысқа қатысушылар Жаңа Конституция жобасы Күшті әрі Әділетті Қазақстан құрудың іргетасына айналып, саяси жүйе архитектурасын қоғамның жаңа сұранысына сай түбегейлі қайта жаңғыртатынын атап өтті. Бұл биліктің барлық тармағының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын кеңейтеді әрі елдің орнықты дамуына жол ашады.
Мәжіліс Спикері, Жалпыұлттық Коалиция Жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, Жаңа Конституция – шын мәнінде халықты біріктіруге, ұлттық рухты көтеруге қабілетті тарихи құжат. Онда ең алдымен адамға басымдық беріліп, мемлекеттің басты байлығы жер қойнауындағы ресурстар емес, білімді жас ұрпақ екені айқындалды. Бұл – Президент қолға алған ауқымды өзгерістердің алтын арқауы. Енді ол ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілуде.
«Қазақстанның жаңа Конституциясы – осы іргелі реформалардың шырқау шыңы. Бұл – Президентіміздің жылдар бойғы ой-толғамдарының жемісі. Халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен үміт-сенімі ұштасқан тарихи құжат. Сондықтан Жаңа Конституция халықпен бірге жазылған – нағыз Халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Біз келер ұрпаққа әр азамат мақтан тұтатын, Өркендеген, Әділетті Қазақстанды қалдыруымыз керек. Бәрімізді біріктіретін осы асқақ арман. Сол арманға – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанға Президентімізбен бірге жетейік», – деді ол.




