Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Оңтүстік Кореяның «Microbus» компаниясының бас директорымен кездесті. Кездесу барысында өңір аумағында бірқатар стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлары таныстырылды.
«Microbus» – өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында жобалар жүзеге асыратын халықаралық компания. Келіссөздер барысында тараптар Ұлытау облысында мыс кабелін өндіретін зауыт салу, көлік-логистикалық орталық құру, сондай-ақ жылу-энергетикалық орталықтың құрылысын жүргізу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды.
Ұсынылып отырған жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, көлік инфрақұрылымын дамытуға, энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл бастамалар облыстың инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, экономиканың тұрақты дамуына серпін береді деп күтілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша инвесторлар Ұлытау облысында өз өкілдігін ашып, жобаларды тиімді іске асыру мақсатында облыс әкімдігімен бірлескен жол картасын әзірлеуге уағдаласты.
Өңір басшысы шетелдік серіктестерге танытқан қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, жоспарланған жобаларды іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.




