12 қаңтар күні қалалық Аналар кеңесінің бастамасымен “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Жезқазған Бизнес және көлік колледжінің 1–2 курс студенттеріне арналған «Жыныстық қол сұғылмаушылықты қорғау – әлеуметтік-құқықтық мәселе» тақырыбында мазмұнды тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналған жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу, жастардың жеке шекара, келісім, қауіпсіздік және құқықтық қорғаныс туралы түсінігін қалыптастыру, сондай-ақ қауіпті жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту.
Тренингті қалалық мәслихат төрағасы, Аналар кеңесінің төрайымы Раушан Қапарова ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамда заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаты, «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» директоры Светлана Жумкина, «Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының» педагог-психологы Айгүл Жетібаева, Жезқазған қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция лейтенанты Ақбаян Талғатқызы, «Жезқазған қаласының облыстық жоғары медициналық колледжінің» психологы Камила Қамария, Жезқазған қаласының «Ана үйі» қоғамдық қорының координаторы, Аналар кеңесінің мүшесі Гүлнар Бирманова, «Жас Қанат» Аналар алқасының төрайымы, «Мирас» тобының жетекшісі Ақжарқын Токишева және «Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония» қызметкері Ләззат Алтаева қатысты.
Жиын барысында мамандар «жеке шекара» ұғымын кеңінен түсіндіріп, жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу жолдары мен құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Студенттерге нақты өмірлік жағдайлар мысалға келтіріліп, қауіпті жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі жөнінде кеңестер берілді. Сонымен қатар ақпараттық жадынамалар таратылып, құқықтық қорғану тетіктері түсіндірілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, психологтар тарапынан жан-жақты жауап алды.
Осындай мазмұнды кездесулер жастардың саналы, құқықтық тұрғыдан сауатты болып қалыптасуына, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.




