Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Оңтүстік Кореяның «Microbus» компаниясының бас директорымен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық бастамалар талқыланды.
«Microbus» компаниясы өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында халықаралық деңгейде жобалар жүзеге асырып келе жатқан ірі құрылымдардың бірі. Кездесу барысында компания өкілдері Ұлытау облысының өндірістік мүмкіндіктері мен географиялық артықшылықтарына тоқталып, өңірде стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Атап айтқанда, облыс аумағында мыс кабелін өндіретін заманауи зауыт салу, көлік-логистикалық орталық құру және жылу-энергетикалық орталықтың құрылысын жүргізу мәселелері жан-жақты қарастырылды. Бұл жобалар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ көлік-логистикалық орталық өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға ықпал етпек. Ал жаңа жылу-энергетикалық орталық аймақты тұрақты энергия көздерімен қамтамасыз етіп, өнеркәсіп нысандарының үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту көрсеткіші артады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша инвесторлар Ұлытау облысында өз өкілдігін ашуға және жобаларды іске асыру бойынша облыс әкімдігімен бірлескен жол картасын әзірлеуге ниет білдірді. Өңір басшысы шетелдік серіктестерге сенім білдіріп, барлық бастамалар заң аясында және ашық форматта жүзеге асатынын атап өтті.
Жалпы алғанда, бұл кездесу Ұлытау облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканың тұрақты дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам болды.




