Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның VII отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, Ата Заң жобасында Қазақстанның мыңжылдық тарихы тұңғыш рет басты мемлекеттік құндылық ретінде нақты көрсетілген.
Мемлекеттік кеңесші атап өткендей, қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияда ел тарихына қатысты бірде-бір норма жоқ. Ал Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырымның енгізілуі Қазақстан тарихының үздіксіз дамуын және еліміздің көшпелілер өркениетінің ошағы екенін айғақтайды.
Ерлан Қариннің айтуынша, осылайша ұлттық тарих Конституцияда алғаш рет декларативті ұғым ретінде емес, мемлекеттік деңгейдегі құндылық ретінде бекітіліп отыр. Преамбулада қолданылған «Ұлы Дала» және «мыңжылдық тарих» ұғымдары Қазақстанның тарихи субъект екенін дәлелдеп, мемлекеттік бірегейлікті айқындайды.
Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тіл мәселесі нақты әрі айқын көрсетілгеніне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, 9-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты белгіленген.
Бұл норма елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін, оның қазақ тілі екенін айқындайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі берік әрі өз орнында екенін атап өткен Ерлан Қарин мемлекетті сақтау, ел бірлігін нығайту арқылы тілдің тұғырын әрдайым биік ұстау қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ ол Жаңа Конституция жобасы мен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституция арасында елеулі айырмашылықтар бар екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа Ата Заң жобасы жарты жылдан астам уақыт бойы азаматтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен және түрлі ұйымдардан түскен ұсыныстар мен бастамалар негізінде әзірленген.
Жаңа Конституция жобасы – елімізде кең көлемде жүргізілген қоғамдық талқылаулардың және ашық диалогтың нәтижесі.




