Сәтбаев қаласында тазалық пен абаттандыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл туралы «Самға-Тазалық» ЖШС компания директорының орынбасары Нұргүл Умиралина есеп берді.
Оның айтуынша, қала аумағында санитарлық тазалықты сақтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару және көшелерді абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Арнайы техникалар жұмылдырылып, орталық көшелер мен шағынаудандардағы жол жиегі, аулалар және қоғамдық орындар тазартылған.
Сонымен қатар, қаладағы қоқыс алаңдарының жағдайы ретке келтіріліп, контейнерлерді жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер мен ұсыныстар да назардан тыс қалмай, тиісті шаралар қабылданған.
Нұргүл Умиралина өз сөзінде алдағы уақытта да тазалық жұмыстарын күшейтіп, қаланың көркеюіне үлес қоса беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қала тазалығы – тек коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар Сәтбаев қаласының санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.




