Астанада референдумды қолдауға арналған ауқымды концерт өтіп, оған шамамен 10 мыңға жуық адам жиналды. Іс-шара Жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының алғашқы ірі қоғамдық алаңдарының бірі ретінде ұйымдастырылып, елорда тұрғындарын ашық қалалық форматта біріктірді.
Кеш барысында сахнада танымал өнерпаздар өнер көрсетті. Атап айтқанда, Raim, Дастан Оразбеков, Bayansulu, Nazzarbeck және Ақтоты Болшова өздерінің танымал әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Музыкалық бағдарламаның арасында коалиция өкілдері сөз сөйлеп, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жөнінде баяндады. Олардың қатарында Максат Толыкбай, Жаркынбек Амантай, Айкерим Есенали және Акерке Искандерова бар. Спикерлер алдағы жалпыхалықтық дауыс берудің маңыздылығын атап өтіп, әр азаматтың жеке таңдауы ел болашағына тікелей әсер ететінін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы кездесулер қоғаммен тікелей диалог орнатуға, бастамаларды кеңінен түсіндіруге және азаматтық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жастарды референдумға белсенді қатысуға шақыру басты назарда болды.
Концерт мерекелік атмосферада өтіп, елорда тұрғындарының қоғамдық-саяси өмірге бейжай қарамайтынын көрсетті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шараларды жалғастыруды жоспарлап отыр.




