Жезқазған қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Ұлытаудың қос қыраны» атты әдеби сағат ұйымдастырылып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың 110 жылдығына арналды.
Тағылымды шараның мақсаты – қаламгерлердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, олардың елдік пен ерлікке толы еңбектерін дәріптеу болды. Кеш барысында қос жазушының әдебиеттегі орны, публицистика саласындағы қолтаңбасы және ұлт руханиятына қосқан үлесі кеңінен айтылды.
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, облыстық музей қызметкерлері, «Ұлар» әдеби клубының мүшелері мен студент жастар қатысты. Қатысушылар жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқып, олардың елжандылық рухтағы еңбектеріне тоқталды. Әсіресе, Баубек Бұлқышевтің отты публицистикасы мен Мұқан Иманжановтың көркем прозадағы шеберлігі ерекше атап өтілді.
Кеш барысында әдеби талдау жасалып, тарихи кезеңдердегі шығармалардың маңызы сараланды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар әдебиет төңірегінде мазмұнды пікір алмасуға ұласты.
«Ұлытаудың қос қыраны» атты әдеби сағат – ұлт руханиятын ұлықтап, тарихи тұлғалардың мұрасын жаңғыртуға бағытталған мазмұнды басқосу болды. Мұндай тағылымды шаралар жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштік рухын нығайта түсетіні сөзсіз.




