Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде музей қорында сақталған сағаттардан құралған «Сағаттар сыры» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме 6–20 ақпан аралығында келушілерге есігін айқара ашты.
Іс-шараға мәдениет саласына қарасты мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, музей мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ әр жылдары музей қорына сағат жәдігерлерін сыйға тартқан азаматтар мен олардың туыстары қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – өңір мен қала тарихында өзіндік орны бар тұлғаларға тиесілі, сондай-ақ қала тұрғындары музей қорына табыстаған қалта, қол, қабырға және алқа сағаттардан құралған бірегей коллекцияны көпшілік назарына ұсыну. Экспозицияға музейдің коллекциялық қорында сақталған, 1940–1950 жылдардан бастау алатын түрлі мақсаттағы 74 сағат қойылды. Олардың арасында елімізге және өңірімізге танымал тұлғаларға тиесілі бұйымдар да бар.
Көрмеде ерекше назар аудартқан жәдігерлердің бірі – музей қорындағы ең көне экспонат саналатын «Павел Буре» механикалық қабырға сағаты. XIX–XX ғасырлар тоғысында Швейцария мен Ресейде жұмыс істеген, жоғары сапа стандарттарымен танылған «Павел Буре» сағат жасаушылар брендіне тиесілі бұл бұйым Қарсақпайдағы ағылшындар үйінде қолданыста болған.

Салтанатты ашылу рәсімінде көрме лентасын «Балалар–жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КМҚК-ның қосымша білім беру педагогы, «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Жұмабек Билялович Тукенов, Қазақстан Суретшілер одағы мен Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Ерғазы Кеңесұлы Исатаев және музей ардагері, Мәдениет саласының үздігі, суретші-шебер Өтеген Ахмет қиды.
Іс-шара барысында қонақтар музей қорына тапсырылған сағаттардың тарихы туралы естеліктерімен бөлісті. Тайжан Қалмағамбетов атындағы Ұлытау облыстық филармониясының әншісі Мадияр Мақсұтовтың орындауындағы музыкалық нөмірлер кештің мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар сағаттар тарихына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді.
Көрменің ашылуынан кейін музей қызметкерлері қонақтарға экскурсия жүргізіп, іс-шара естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті.




