Дастан Рыспеков төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында автомобиль жолдары саласындағы құрылыс жұмыстарының жоспары, жолдарды күтіп ұстау мәселелері және өңірдегі туризм саласының даму барысы жан-жақты талқыланды.
Өңір басшысы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жедел әрі сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, мердігер ұйымдармен тікелей жұмыс жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін жаңарту, жол сызықтарын сызу және қажетті аумақтарға жарықтандыру орнату міндеттелді. Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін суағарлар мен көпірлерді қардан дер кезінде тазалау бойынша нақты шаралар қабылдау жүктелді. Бұл жұмыстардың барлығы өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиында туризм саласының дамуы да кеңінен сөз болды. Облыс әкімі атқарылған жұмыстар бар екенін атап өткенмен, инвестиция тарту қарқынын күшейту қажеттігін баса айтты. Бұл бағытта төмен нәтиже көрсеткен аймақтардың жұмысы сынға алынды.
Өңір басшысы облыс орталығында және Ұлытау ауданында велосипедтерді жалға беру қызметін іске қосу, глэмпинг аймақтарын ұйымдастыру жобаларын биылдан қалдырмай жүзеге асыруды тапсырды. Аталған бастамалар туристерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына 2026 жылға жоспарланған туристік және имидждік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді қамтамасыз ету міндеттелді. Бұдан бөлек, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен бірлесіп, салаға инвестор тарту және оларды сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру тапсырылды.
Жиын қорытындысы бойынша берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауға алынатыны атап өтілді.




