Қазақстан Республикасында ауқымды конституциялық өзгерістер кезеңі басталды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия елдің жаңа Ата Заңының жобасын жариялап, оны бүкілхалықтық талқылауға шығарды. Құжат қоғамның барлық топтарынан түскен ұсыныстарды ескеру, ашық диалог жүргізу және заманауи талаптарға сай құқықтық нормаларды қалыптастыру нәтижесінде әзірленді.
Реформаның бастамашысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент 2025 жылғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру арқылы саяси жүйені түбегейлі жаңғырту және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, алты ай бойы азаматтардан e-Otinish пен eGov платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс қабылданды.
2026 жылғы қаңтарда 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия жасақталып, оның құрамына заңгерлер, мемлекеттік органдар, қоғам өкілдері мен сарапшылар кірді. Комиссияның жұмысы барынша ашық өтті, отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп, кең қоғамдық пікірталасқа жол ашылды.
Талқылаулар нәтижесінде Конституцияның негізгі бөлігін қамтитын ауқымды түзетулер қаралды. Жаңа Конституция жобасының өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын абсолютті басымдық ретінде бекіту. Егемендік, аумақтық тұтастық пен тәуелсіздік мызғымас құндылықтар деп танылып, әділеттілік пен заң үстемдігі конституциялық деңгейде айқындалды.
Жаңа мәтінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация ел болашағының шешуші факторы ретінде белгіленді. Сондай-ақ цифрландыру жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән беріліп, зайырлылық қағидаты күшейтілді.

Конституция жобасы шеңберінде 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу сияқты бірқатар институционалдық жаңашылдықтар ұсынылды. Сонымен қатар адвокатура, зияткерлік меншік және азаматтардың құқықтық кепілдіктері Конституция деңгейінде бекітіледі.
Жаңа Ата Заң жобасы – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің айқын көрінісі. Құжат елдің болашағына бағдарланған даму бағытын айқындай отырып, түпкілікті түрде бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданады. Конституциялық комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.




