Қазіргі таңда білім беру саласы қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Заманауи технологиялардың дамуы, оқушылардың білімге деген көзқарасының өзгеруі ұстаздардан жаңа тәсілдер мен жаңашылдықты талап етеді. Осы мақсатта мектеп ұстаздары бас қосып, жаңа білім беру әдістерін талқылады.
Жиын барысында физика пәнінің мұғалімі Манас Сейлхан, 3 ЖОББМ-нің тәжірибелі ұстазы, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. Ол сабақ барысында қолданылып жүрген заманауи әдіс-тәсілдерді көрсетіп, олардың тиімділігіне тоқталды.
Манас Сейлханның айтуынша, бүгінгі оқушы — ақпараттық технология дәуірінің өкілі. Сондықтан дәстүрлі сабақ беру әдісімен шектелу жеткіліксіз. Физика сабағында интерактивті тақта, онлайн платформалар, тәжірибелік зертханалық жұмыстар мен жобалық оқыту тәсілдері кеңінен қолданылуда. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Сабақ барысында оқушылар топтық жұмыс жасап, физикалық құбылыстарды тәжірибе арқылы дәлелдейді. Сонымен қатар цифрлық ресурстарды пайдалану арқылы күрделі тақырыптарды жеңіл әрі түсінікті түрде меңгереді. Мұндай әдістер оқушының сыни ойлау қабілетін дамытып, өздігінен ізденуіне жол ашады.
Жиын соңында ұстаздар өзара пікір алмасып, жаңа идеялармен бөлісті. Олар білім сапасын арттыру үшін әрдайым ізденісте болу керектігін атап өтті. Себебі сапалы білім – ел болашағының кепілі.
Бүгінде жаңашыл ұстаздардың еңбегі арқылы мектеп оқушылары заман талабына сай білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуда.




