Автордан: Сағынкүл тәте керемет кісі болатын. Халқымыздың «етек –жеңі кең пішілген» деп сипаттайтын сөзіне толық лайықты, тұла бойында қазақылық тұнып тұрған нағыз қазақы бәйбіше еді. Журналистика саласындағы еңбегі – өз алдына. «Өмір көрген түстей» деген рас екен, кеше ғана түс әлетінде көшелерінің бірінде маң – маң басып кетіп бара жатқан Сағынкүлін бүгін Жезқазған жұрты жоқтап жатыр. Сенгің келмесе де, ажал сендірмей қоймайды. Алдынан жарылқасын! Жұмақ бұйырсын!
Сағынкүл Тоғызбайқызы туралы 2024 жылғы 8 наурызда туған күніне орай фейсбук әлеужелісіне жарияланған «Сарыарқаның Сағынкүлі» деген дүниемізді қайыра ұсынып отырмын. Білмейтін ел болса қандай жақсы адамнан айрылғанымызды біліп, олар да дұғаларына қоса жүрсін!

Журналистикаға қызығушылығын оятқан Совет Аққошқаров есімді ағасы еді. Ол - Ұлытаудың түлегі, ағайындық жақындығы да болатын. Ел жаққа келген бір сапарында мұның бойынан жазуға деген ынтазарлықты байқап қалған ол: - "Қазақстан пионеріне" мектептің хабарларын жіберіп тұр. Кезінде өзіміз де солай бастағанбыз - деп ақыл берген еді. Өзі сол кезде "Социалистік Қазақстан" газетінде қызмет істейтін.
Сағынкүл Совет ағаның сөзін екі етпеді. Шағын хабарлары жария болса, бұдан асқан бақытты ешкім болмайтын. Ол кезде "Төртінші" дейтін ауылда тұратын. Екі үйдің бірі газет алдырып оқитын заман. Мұның әлгіндей шағын хабары үшін Сағынкүлдің әке -шешесіне құрдастары шалқытып той жасатып жатушы еді -ау...
Сөйтіп, мектеп бітірген соң Алматыға, журналистика факультетіне барды. Конкурстан құлады. Содан елге қайтып келіп, "Покро" деп аталатын шахтаның электр цехында екі жыл "сым ораушы" болып еңбек етті. Бәрібір журфакта оқу арманына қол жеткізді.
Университет қабырғасында жүріп тұрмысқа шықты. Жігіті Икрам Жамбыл облысы, Талас ауданынан еді. Нағыз қазақы өңір. Ал, бұл болса орыснамайлау ортада өскен қыз ғой. Бір қызығы Сағынкүл үйдегі тоғыз баланың кенжесі болса, Икрам үйіндегі тоғыздың үлкені екен.
- Сондай бір бала өзіміздің жақтан жолықпады ма? Оңтүстіктің келінге талабы қатаң болады - деген жеңгелерінің сөзіне қараған жоқ.1975 жылғы 13 қыркүйекте Үшарал ауылындағы Естиярбек Ысқақұлы мен Алтынкүл Үрістембекқызының шаңырағына келін болып түсті.
Құдай мұны тамаша жандардың ошағына түсірген екен. Беташар болған соң енесі ағайын -туыстың басы жиналған дастархан үстінде:
- Бұл бала суы бөлек жердің қызы. Біздің елдің тәртібін біле бермейді. Сондықтан орынсыз кінә тағып, ананы істе, мынаны істе демеңдер. Қаласа жасайды, жасама да өзі біледі" деп кеңдік танытты. Әрине, енесінен осындай еркіндік алған есті келін есіріп кете ме? Жоқ, әрине. Ол ененің сөзін "бірден болмаса да біртіндеп үйреніп алады ғой" дегені деп түсінді. Сөйтті де, ел қатарлы сәлем салды, көрші келіншектерден қалыспай бұл да аула сыпырып жүрді.
1979 жылы жолдасы заң , өзі журналистика факультетін бітірді. Жолдама Икрамға - Жамбылға, бұған - Жезқазғанға берілді. Қайтпек керек? Әруағынан айналайын атасы ұлына "Екеуің екі бөлінбеңдер. Қайынжұртыңа жолың түсіп тұр екен, сол жаққа бар. Жамбылда келінге жұмыс табу қиынға түседі. Мұндағы екінің бірі журналист қой. Бір жағы, қайынжұртыңда жүрсең қарның да аш болмайды" деп батасын беріп, шығарып салды.
Қазіргі "Saryarka" газеті ол кезде "Жезқазған туы" деп аталатын. Сол газетте Сағынкүл Жантуринаның журналистік жолы басталды. Бұл -1979 жыл болатын.
Содан бері сым ораушыдан сөз құраушыға айналғалы жарты ғасырдай уақыт өтіпті. "Жезқазған туы", қазіргі "Saryarka" газетінде көптеген жылдар жұмыс істеп, кейін ол орыс тілінде шығатын "Жезказганский вестник" газетіне қызмет ауыстырып, сол жерден еңбек демалысына шықты.
- Мемлекеттік тілдің мәртебесі өсуіне байланысты орыстілді газет тілшілерінің әкімдік жиналыстарына қатысуы өздеріне қиын соғатын болды. Сондықтан, қазақтілді журналистер іздестіре бастады әрі газетте қазақ тіліндегі арнайы беттер пайда болды. Сөйтіп, орыстілді газеттің қызметкері болып шыға келдім - дейді ол.
Оның қаламынан шыққан дүниелер "Жүрек жарасы" (2009), "Мейірімділікке баулыған" (2011), "Жанданған тарих іздері" (2013) т.б. жинақтарға енгізілді.
2023 жылы Сағынкүл Тоғызбайқызы Жантуринаның көп жылғы журналистік еңбегі өзінің лайықты бағасын алды. Ол "Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі" атанды.
Қазір өзі де келін түсіріп, қыз ұзатып, немере сүйіп отырған Сағынкүл енесінің тәрбиесін жадынан шығармайды. Сол кісінің өнегесін келініме беріп кетсем дейді.
- Жарықтық енемнің менің анаммен сыйластығы керемет болды. Өйткені, анам Кәмеш Асанқызы іс тігетін, өрмек тоқитын шебер еді. Әрі бауырмал, ажарлы, ақылды кісі болатын. Енем болса, киіз үйдің іші -сыртына қажетті дүниенің бәрін өз қолымен жасайтын. Қос құдағи бір - бірін әспеттеп, мақтап, мадақтап отыратын. Енемді бәрі неге екенін "жеңеше" деп атайтын, мен ғана "апа" деп кеттім.
Жарықтық көзінің тірісінде қолындағы үлкен алтын білезігін "Ертең мен ана жаққа кеткенде мынаны Сағынкүлге беріңдер" деп аманаттап кетіп еді. Демалысты сол ауылда өткізетінбіз. Ауырып жатқанда қайта - қайта барып тұрдым. Ақырғы барғанда, қолымнан ұстап жібермеді. "Мен кеткелі жатырмын, сен кетпе, жанымда бол" деді. Қолымда жатып үзілді.
Мен келін болып түскен киіз үй қарашаңырақта отырған Қалдыбек қайным мен Раушан келінімнің қолында әлі бар. Біз жазда барғанда "Арқадан аға - апалар келе жатыр" деп арнайы тігіп қояды. Бұл да енемізден қалған тәлім -тәрбиенің жалғасы - деп ол енесін емірене еске алады. Мұндай келін де, ене де сирек кездесетін шығар өмірде.
Көктемнің алғашқы айының сегізінші жұлдызы Сағынкүл Тоғызбайқызы үшін тым ерекше. Ол бұл күні 8 -наурыз - Халықаралық әйелдер мерекесіне қоса өзінің туған күнін де тойлайды. Биыл жетпісінші бірінші мәрте.
Абдолла Дастанов.
2024 жылғы 8 наурыз.




