Жаңа жыл қарсаңында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының Әйелдер кәсіпкерлігінің саларалық кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихат депутаты, «Safi» кофеханасының негізін қалаушы Роза Рымбаева депутаттық корпуспен бірлесіп «Nur bala» түзету-дамыту орталығының тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталып, шынайы жаңа жылдық, жылы атмосферада өтті. Балалар мен олардың ата-аналарын келе жатқан Жаңа жылмен қалалық мәслихат төрайымы Раушан Қаппарова құттықтады. Ол бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақыт, амандық және жаңа жылда толағай табыс тіледі.
Акция аясында «Nur bala» орталығының әрбір тәрбиеленушісіне қонақтар тарапынан жаңа жылдық сыйлықтар табысталып, орталық атынан құрмет грамоталары берілді. Бұл күні барлығы 40 балаға ерекше көңіл бөлінді.




