2026 жылға жоспарланған конституциялық реформа – еліміздің саяси және құқықтық дамуындағы маңызды кезең. Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасы уақыт талабына сай жаңарып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бұл бастама ел болашағын айқындайтын стратегиялық қадам ретінде ерекше мәнге ие.
Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамыту, мәдениет пен инновацияны қолдау басым бағыттардың бірі ретінде бекітілген. Адами капитал – кез келген мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан сапалы білім беру жүйесін жетілдіру, ғылыми әлеуетті күшейту және технологиялық прогресті ынталандыру елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болады. Бұл өзгерістер жас ұрпаққа кең мүмкіндік ашып, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, цифрландыру мәселесі алғаш рет конституциялық деңгейде айқын көрініс тауып отыр. Азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды жауапкершілікпен пайдалану – бүгінгі күннің өзекті мәселелері. Бұл нормалар азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, заманауи технологиялар дәуірінде сенімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Реформа аясында мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға да басымдық берілген. Заң үстемдігі, әділдік, есептілік қағидаттарын нығайту арқылы құқықтық мемлекетті дамыту көзделеді. Азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейту – демократиялық қағидаттарды тереңдетудің маңызды тетігі.
Алдағы референдум – әрбір азамат үшін ел тағдырына қатысты тарихи шешім қабылдау сәті. Конституция – баршамызға ортақ құндылық, мемлекетіміздің берік іргетасы. Сондықтан референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Әр дауыс – елдің болашағына қосылған үлес.
Біз бірлік пен ынтымақты сақтай отырып, жаңару жолында нық қадам басуымыз қажет. Жаңа Конституция – тұрақтылықтың, дамудың және әділетті қоғам құрудың кепілі.
Болашағымыз үшін белсенді болайық, референдумға қатысып, ортақ таңдау жасайық!




