Қаланың болашағына бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жуырда қала ақсақалдарымен арнайы кездесу ұйымдастырылып, алдағы жылдары жүзеге асатын маңызды жобалар таныстырылды. Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңғырту, құрылыс саласын дамыту және абаттандыру бағытындағы бастамалар кеңінен талқыланып, ақсақалдардың ұсыныс-пікірлері ескерілді.
2026 жылы жол жөндеу жұмыстары бұрын-соңды болмаған көлемде жүргізілмек. Қала бойынша 25 көше толықтай жаңартылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың қолайлылығы артады. Негізгі магистральдармен қатар, ішкі көшелер де қамтылып, жол сапасын жақсарту арқылы шаһардың көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі.
Қаланың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, құжат жаңаша форматта әзірленді. Бұл құжат қаланың сәулеттік келбетін сақтай отырып, жаңа тұрғын үй массивтері мен әлеуметтік нысандарды тиімді орналастыруға мүмкіндік береді. Жоспар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін нақты жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады.
Құрылысқа арналған жер телімдерін беру үдерісі де ашық форматқа көшірілуде. Енді бос учаскелер электронды аукцион арқылы сатылымға шығарылып, барлық талаптар заң аясында және әділдік қағидаттарына сай жүзеге асырылады. Бұл бастама инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.
Сонымен қатар, қаланы көркейту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Аулаларды абаттандыру, демалыс орындарын жаңарту, көгалдандыру көлемін арттыру – алдағы кезеңнің басты міндеттерінің бірі. Барлық жоспарлар мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ашық жарияланып, тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнатылады.
Алға қойылған мақсат – заманауи, жайлы әрі қауіпсіз қала қалыптастыру. Жоспарланған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асса, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа қарқын алады.




