Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жылға жоспарланған маңызды жобалар жөнінде қала ақсақалдарымен арнайы кездесу өткізілді. Кездесу барысында жоспарлар таныстырылып, ел ағаларының ой-пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
2026 жылы қала тарихында алғаш рет ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 25 көшенің жолдары толық жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар қаланың барлық аумағын қамтып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрғындардың қолайлылығын арттыруға бағытталады. Жөнделетін көшелер қатарында Молдағұлова, Мәңгілік Ел, Құрманғазы, Аманжолова, Байсейтова, Шаталюка, Иманова, Ұлытау, Абай және өзге де маңызы бар көшелер бар.
Сонымен қатар, биыл қала дамуын айқындайтын бірқатар қала құрылысы құжаттамалары әзірленіп, бекітіледі. 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Сәтбаев қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп, қайта өңделді. Қазіргі таңда аталған құжат ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Бұл өзгерістер қаланың ұзақ мерзімді дамуын жүйелі түрде жоспарлауға мүмкіндік береді.
Құрылыс салу үшін жер телімдерін беру барысында ашықтық пен әділдік қағидаттары қатаң сақталатын болады. 2025 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлер салуға, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарын орналастыруға арналған бос жер телімдері электронды форматта, тоқсан сайын ұйымдастырылатын аукциондар арқылы сатылымға шығарылмақ. Бұл өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады.
Бұдан бөлек, қала аумағында абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізіледі. Қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, жасыл желектерді көбейту, балалар және спорт алаңдарын салу секілді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Барлық жоспарланған шаралар туралы ақпарат әлеуметтік желілер мен ресми ақпарат көздерінде жарияланып, тұрғындар назарына ұсынылады.
Алдағы жоспарланған жұмыстар қаланың келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастамалардың барлығы қала дамуына тың серпін беріп, оның болашағын айқындайтын маңызды қадам болмақ.




