Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында тұр. Құжат жобасы қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуымен пысықталды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының жетекшісі Серік Егізбаевтың пікірінше, қоғам үшін маңызды саналатын бірқатар бағыттардың Конституция жобасында көрініс табуы – билік пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нақты нәтижесі.
Ашық диалогтың жемісі
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында ашықтық қағидаты басшылыққа алынды. Азаматтардан түскен ұсыныстар, сарапшылардың пікірлері мен қоғамдық талқылаулар құжат мазмұнын байыта түсті.
«Конституция – бұл тек заңгерлердің құжаты емес, бүкіл қоғамның ортақ келісімі. Сондықтан маңызды бағыттардың жоба мәтінінде көрініс табуы – жүйелі әрі бірлескен жұмыстың нәтижесі», – деді Серік Егізбаев.
Оның пікірінше, кең ауқымды талқылау халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын, саяси процестерге белсенді араласуға дайын екенін көрсетті.
Әлеуметтік әділеттілік және өңірлік даму
Серік Егізбаев Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілік қағидатының айқын көрініс тапқанын атап өтті. Әсіресе, өңірлерді дамыту, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру, азаматтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бағыттары ерекше маңызға ие.
«Ауыл – елдің негізі. Сондықтан ауыл тұрғындарының құқықтарын қорғау, инфрақұрылымды дамыту, аграрлық секторды қолдау мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беруі тиіс. Конституция жобасында осыған негіз болатын нормалардың болуы – өте маңызды», – деді депутат.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі
Жоба аясында билік тармақтарының теңгерімі мен өзара жауапкершілігін нығайтуға бағытталған нормалар да қамтылған. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, шешім қабылдау сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция заң үстемдігін күшейтіп, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл қоғам сенімін нығайтудың маңызды алғышарты.
Ортақ жауапкершілік
Алдағы референдум – жаңа Конституцияның тағдырын айқындайтын шешуші кезең. Серік Егізбаев әрбір азаматтың бұл үдеріске жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.
«Конституция – баршамызға ортақ құжат. Оның мазмұны қоғамның нақты сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бүгінгі жоба – билік пен халықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Енді оны қабылдау туралы шешімді ел болып бірге қабылдаймыз», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты дамуына, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және ел бірлігін сақтауға берік құқықтық негіз болады.




