Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына тоғызыншы рет қатысады. Биыл елімізден 18 ер адам мен 18 әйел – барлығы 36 спортшы лицензия алды. Бұл Бейжіңде өткен 2022 жылғы Олимпиадамен салыстырғанда екі қатысушыға көп.
Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу тарихында бес қазақстандық спортшы олимпиадалық тұғырға көтерілді, сондықтан командадағы тәжірибелі спортшылардың рөлі ерекше маңызды. Өз мансабында бесінші рет Олимпиада ойындарына фристайл-могул бойынша Пхенчхан-2018 қола жүлдегері Ю. Галышева қатысады. Бұған дейін дәл осындай көрсеткішке шаңғышы Е. Володина-Антонова мен фристайлшы Д. Рейхерд қана қол жеткізген.
Сонымен қатар, шорт-трекистер А. Ажгалиев пен Д. Никиша Олимпиадада қатарынан төртінші рет өнер көрсетеді. Бейжің-2022 жарысында А. Ажгалиев 500 метр қашықтықта тұғырдан бір қадамда тоқтап, төртінші орынды иеленді. Д. Никиша, өз кезегінде, соңғы екі әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанып, нәтижелердің жоғары деңгейі мен тұрақтылығын растады.
Қазақстан құрамасының құрамында Бостондағы мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері М. Шайдоров және фристайл-могулдан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері А. Городко да өнер көрсетеді.
2022 жылғы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда бұл жолы қазақстандық спортшылар 10 спорт түрі бойынша бақ сынасады. Сонымен қатар, Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық жарыстарға қайта қатысады.
Құраманың ең жас қатысушысы А. Асылхан фристайл-акробатикада өнер көрсетеді. Миландағы Олимпиада ол үшін мансабындағы ең үлкен бастама болса да, оның активінде Азия ойындарының күміс медалі бар.
Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысатын 36 спортшының 18-і алғаш рет төртжылдықтың басты жарыстарына қатысады. Дебютанттар қатарында 2024 жылғы жасөспірімдер олимпиадасының трамплиннен шаңғымен секіру чемпионы И. Мизерный бар.




