Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Пәкістанның әуе кеңістігіне енген сәттен бастап Мемлекет басшысы мінген әуе кемесін Әскери әуе күштерінің ұшақтары қапталдап ұшты. Бұл жоғары деңгейдегі құрметтің белгісі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Исламабад халықаралық әуежайында Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф салтанатты түрде қарсы алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды.
Салтанатты қарсы алу рәсімі барысында Қазақстан мен Пәкістанның мемлекеттік туларын ұстаған балалар Мемлекет басшысын жылы ықыласпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Бұл екі ел арасындағы достық пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі болды.
Сапар аясында ертең жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Кездесулер барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері мен келешектегі өзара серіктестіктің перспективалары талқыланбақ.




