Қаланың алдағы даму бағыттары мен маңызды жобалары ақсақалдармен өткен кездесуде кеңінен талқыланды. Жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамалар таныстырылып, аға буын өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
2026 жылы қала тарихында алғаш рет 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба қаланың барлық бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, Молдағұлова, Мәңгілік Ел, Құрманғазы, Аманжолова, Байсейтова, Шаталюка, Иманова, Ұлытау, Абай және өзге де маңызды көшелер жаңартылып, жол сапасы едәуір жақсарады.
Сонымен қатар, биыл қаланың келешек келбетін айқындайтын бірқатар қала құрылысы құжаттары әзірленіп, бекітіледі. 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап Сәтбаев қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізіліп, жаңадан өңделді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында құжат мемлекеттік сараптамадан өтеді.
Құрылыс саласына қатысты ашықтық пен әділдік қағидаттары басты назарда. 2025 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлер мен шағын және орта бизнес нысандарын салуға арналған бос жер телімдері электронды форматта, тоқсан сайын өткізілетін аукциондар арқылы сатылымға шығарылатын болады.
Бұдан бөлек, қала аумағында абаттандыру жұмыстары да кең көлемде жүргізіледі. Жоспарланған барлық шаралар жөніндегі ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланып, тұрғындар назарына тұрақты түрде ұсынылатын болады.




