Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында маңызды саяси кезеңді бастан өткеруде. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан Негізгі заң жобасы ел дамуының жаңа бағытын айқындауға арналған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревтің пікірінше, ұсынылып отырған құжат – қоғамның нақты талап-тілегін көрсететін біртұтас әрі жүйелі құжат.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылардың пікірлері ескерілді. Ашық талқылаулар мен қоғамдық пікір алмасулар құжаттың мазмұнын нақтылай түсті.
«Бұл жоба – тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің еңбегі емес. Ол – қоғамнан түскен нақты ұсыныстардың, пікірлердің және сұраныстардың жиынтығы. Сондықтан оны біртұтас құжат ретінде қарастыру керек», – деді Сергей Пономарев.
Оның пікірінше, Негізгі заң халықтың сенімі мен қолдауына ие болғанда ғана тиімді жұмыс істейді.
Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасының құрылымдық тұрғыдан жүйелі әрі теңгерімді екенін атап өтті. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі, мемлекеттік басқарудың тиімділігі секілді негізгі бағыттар үйлесімді қамтылған.
«Конституция – мемлекет дамуының ұзақ мерзімді негізі. Сондықтан оның нормалары өзара үйлесімді және тұтас болуы тиіс. Ұсынылып отырған жоба осы талаптарға жауап береді», – деді депутат.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция қоғам сенімін нығайтуға және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Ашықтық, есептілік және заң үстемдігі қағидаттары мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құжатта әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері де көрініс тапқан. Бұл елдің орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады.
Сергей Пономарев алдағы референдумның маңыздылығын атап өтіп, бұл үдеріс халықтың өз таңдауын жасауына берілген тарихи мүмкіндік екенін айтты.
«Конституция – баршамызға ортақ құжат. Оның мазмұны қоғамның нақты талап-тілегін бейнелеуі тиіс. Енді бұл құжаттың тағдырын халықтың өзі айқындайды», – деп түйіндеді ол.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі дамуын нығайтып, қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыруға қызмет етеді.




